Ақмола облысында бу қазандығы жарылып, 1 адам көз жұмды және тағы екі кісі зардап шекті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Оқиға қарашаның 23-і күні Зеренді ауданының Приречное ауылында болды. Бұл туралы ақпарат аудандық ТЖБ кезекшілік бөліміне күндізгі сағат 16:15-те түсті. Нысандағы бу қазандығының жарылуы салдарынан 1 адам көз жұмып, екеуі зардап шекті» деп түсіндірді ҚазАқпарат тілшісінің сауалына Ақмола облысы бойынша ТЖД өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және алдын алу қызметі басқармасының бас маманы Думан Дәлешов.
Ведомствоның мәліметі бойынша, қазіргі кезде адам өліміне әкеліп соқтырған төтенше жағдайдың себебі мен материалдық шығын көлемі анықталу үстінде. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, бу қазандығы жақында іске қосу жоспарланып отырған сауда үйі және дүкен орналасқан ғимаратта болған.