Астаналықтар қолдарына күрек алып, коммуналдық қызметкерлерге қар тазалауға көмектесіп кетті деп жазады Еlorda.info.
Жексенбі күні Сарыарқа ауданы Абай 1 көшесінің тұрғындары коммуналдық қызметкерлерін күтпестен, өздері есік алдын тазалауға көшкен. «Бұл үйде 2011 жылдан бері тұрып келе жатырмын. Сондықтан аулама аса жауапкершілікпен қараймын. Кеше күні бойы қар жауды. Көшелерді кешеден бері дамылсыз қардан тазалап жатқанын көріп отырмыз. Біздің ауламызды тазалап үлгермей жатқан болу керек. Сол себептен кешке көршілерімізбен келісіп, ауламызды өзіміз тазалауға бел будық», – дейді қала тұрғыны Марат Салиев. Синоптиктер бұл ауа-райы алдағы күндері де сақталатынын айтады. 26-27 қарашада қар жауып, көктайғақ болатынын ескертуде.