Астанада кәріз құдығына құлап қайтыс болған 13 жасар Аружан Маратованың анасы оқиғаға қатысты тың мәліметтерді айтып берді деп жазады Tengrinews.kz.
13 жасар оқушы қыздың денесі Қошқарбаев мен Өзбек Әлі Жәнібек көшелерінің қиылысындағы ашық тұрған кәріз құдығынан табылған. Қыздың үйі сол маңда болған екен.
Марқұмның анасының сөзінше, баласының өлімінің мән-жайын анықтау қиын. Себебі бұл ауданда бейнебақылау камералары жоқ көрінеді.
Қыздың анасының сөзінше, сол күні кәріз құдығына тағы бір бала құлап кеткен.
«Ол бала құдыққа құламаса, қызымды таппас еді. Ол жерден іздемес еді», – дейді баласынан айырылған ана.
Анасының айтуынша, ол бала құдыққа 25 қараша күні таңертің түсіп кеткен. Оны сол жерде болған адам бірден шығарып алыпты. Алайда олар құдықта Аружанның жатқанын көрмеген. Артынша ашық тұран кәріз құдығының бетін жабуға келгенде ғана қыздың денесі табылған.
Сонымен қатар әйел қызын бірден іздеуге кіріспеген полицейлерге ашуланды. Ол түні бойы қызын іздеп, кәріз құдықтарын қарап шыққан. Айтуынша, бұл ауданда беті ашық кәріз құдықтары аз емес.
Еске сала кетсек, бұған дейін Астанада құдықтан 13 жастағы қыздың денесі табылғанын хабарлаған едік.
Оқиғаға қатысты ҚР ҚК 306-бабына (Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыс істеу немесе қызмет көрсету) сәйкес тергеу жүріп жатыр.
Дереккөз: Stan.kz