27.11.2018, 09:31

Аида Балаева: «Денис Теннің қазасы мен Абайдағы бала зорлығын ана ретінде ауыр қабылдадым»

ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева VІІІ Азаматтық форумында биыл қоғамда дүмпу туғызған оқиғаларды қалай қабылдағаны туралы айтты.

«Біз күнделікті тірлікте бәрі де дұрыс шығар деп жүреміз. Бірақ, мұндай жағдайлар өкінішке қарай болып жатады. Осы ретте ұйымдар мен қоғамдық көшбасшылар бұл жағдайды бақылауға алып, қолдан келгеннің бәрін жасады. Қазіргі таңда кінәлілер жауапкершіліктен жалтарып кеткен жоқ. Бұл жағдайдан сабақ алудың маңызы зор, себебі жүйелі түрде жүргізілетін жұмыс мұндай жағдайлардың алдын алуы керек. Бұл ауыр сабақ, бірақ ары қарай өмір сүруге тура келеді», − деді ол.

Аида Балаева сонымен бірге, өз сөзінде құқық қорғау органдарын реформалау бойынша жұмыс басталып кеткенін тілге тиек етті.

«Жуырда Мемлекет басшысы өз Жолдауында ол туралы айтқан болатын. Зорлық-зомбылық жағдайларын анықтау комиссиясының жұмысы бойынша регламентті өзгерту керек. Себебі, жыныстық зорлық-зомбылық қана емес, физикалық және психологиялық, отбасындағы зорлық-зомбылық жағдайларын да анықтау маңызды. Балалармен тікелей жұмыс жүргізетін біздің психологтардың кәсібилігі мен біліктілігіне баса назар аудару қажет», − дейді ол.

Ол Көкжайлаудағы мәселеге қатысты екі тараптың ұстанымына қатысты пікір білдіргісі келмейтінін атап өтті.

«Көкжайлау жобасы іске аса ма, жоқ па – нақты шешім жоқ. Жобалық-сметалық құжаттама мен техникалық-экономикалық негіздемесі тек 2020 жылы ғана аяқталады. Тағы да айта кеткім келеді, нақты шешім болмағандықтан, нақты тұжырым жасаудың керегі жоқ деген ойдамын», − деді Балаева.

Еске сала кетсек, Астанада VІІІ Азаматтық форумы өтіп жатыр.

Дереккөз: Baq.kz