$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда «жиһадшылар» ісі бойынша өткен сот отырысында «діндарлар» қолдарын тілді

Алматының Алмалы аудандық сотында «жиһадшылар» ісі бойынша сотталып жатқан Алмат Жұмағұлов пен Оралбек Өміров өздерін «жазықсыз соттауға» қарсылық танытып, қолдарын кесті. Сотталушылардың қолдарын тілгенін адвокат Гүлнара Жуаспаева хабарлады деп жазады Азаттық.

«Алмалы аудандық сотында судья Әріпов адвокаттың өтінішін қанағаттандырудан бас тарту шешімін оқып жатқанда артымыздан шу шықты. Өміров пен Жұмағұлов қолдарын тіліп тастапты» , - деді Жуаспаева.

Адвокаттың сөзінше, қазір сотталушыларға дәрігерлік көмек көрсетілген. Сотталушыларды қайда алып кететіні әзірге белгісіз. Қазір сот залынан белсенділерді шығарып жіберген.

Белсенділердің соттан әлеуметтік желіден таратқан тікелей эфирінде Алмат Жұмағұлов пен Оралбек Өміров «тергеу мен сот процесі барысында құқықтары бұзылғанын» мәлімдеп, әлдебір темірмен қолдарының білектен шынтаққа дейінгі тұсын әр жерден тілгені көрінеді. Өміровтің екі қолы, Жұмағұловтың сол қолы қанға боялған.

Олар өздерін тоқтатпақ болған сот қарауылдарынан жақындамауды, жақын келсе қолдарын тағы да кесетінін ескертті. Бұдан соң олар өздерінің қылмыстық әрекеттері «дәлелденбегенін», «жазықсыз соттап, өзіне қол салуға мәжбүрлеп отырғанын» айтты. Олар сотта прокурор мен жедел жәрдем қызметін келтіруді талап етті.

Сотталушылар жиһадшылар туралы роликті өздеріне қарсы куәлік берген Асхат Шәрбат түсіріп, таратқанын, ол видеоға өздерінің қатысы жоғы сараптамада дәлелденгенін айтты.

Олар осыған байланысты Асхат Шәрбатты жауапқа тартуды талап етеді.

Алматылық үш тұрғын - 51 жастағы Кенжебек Әбішев, 47 жастағы Оралбек Өміров және 43 жастағы Алмат Жұмағұловты 2017 жылы қарашада полиция «терроризм актісін жасауға жария түрде шақыруды тексеру» деп атаған іс аясында ұстаған. Былтыр қарашаның 28-і күні үшеуі қамауға алынып, кейін оларды қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылған. Алмат Жұмағұлов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынап жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов басқаратын және биыл наурызда Астананың Есіл аудандық соты «экстремистік ұйым» деп танып, қызметіне тыйым салған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) оппозициялық қозғалысы ұнайтынын ашық айтады. Ал Кенжебек Әбішев «ҚДТ-да шаруам жоқ, оған еш қатысым жоқ» деп мәлімдейді.

Бұған дейін бір топ азаматтық белсенді «жиһадшылар ісінде» Кенжебек Әбішев, Оралбек Өміров және Алмат Жұмағұловқа қарсы куәлік берген адамның өзін сотқа тарту керек деп мәлімдеген.

Қазақстандық құқық қорғау ұйымдары бұған дейін Әбішев пен Жұмағұловты «саяси тұтқын» деп таныған. Билік бұл қоғамдық-саяси статусқа қатысты комментарий бермейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары