$ 494.87  520.65  4.91

Конькиге ақша жинап жүрген чемпион қызға Құралай Нұрқаділова көмектесетінін айтты

Мәнерлеп сырғанаудан чемпион Гүлжан Жұмаділова Startime краудфандинг алаңқайы арқылы конькиге ақша жинап жатқан болатын. Спортшы Мәскеуде жаттығады, құны 400 мың теңге тұратын жаңа конькиге қаражат таппай қиналыпты. Бір тәулік ішінде қазақстандықтар мәнерлеп сырғанаушы қызға 613 мың теңге жинап берді деп жазады Sputniknews.kz.

Гүлжан Жұмаділоваға жарысқа арналған костюм де қажет. Бұл жайында БАҚ-тан оқыған танымал қазақстандық дизайнер Құралай Нұрқаділова спортшы қызға көмек қолын ұсынды. Жыл соңында бойжеткен Алматы қаласына барып, модельермен кездеседі.

«Костюмнің үлгісі қандай болатынын ақылдасамыз. Гүлжанның идеяларын талқылау керек, мен қойылымдарын, дайындықтағы видеосын қарап, таңдаған музыкасын тыңдап көремін, осы қойылымдағы ішкі сезімін костюм арқылы жеткізуге тиіспіз. Әртүрлі эффект ойлап тапқанды жақсы көремін, мысалы, трансформация. Қызық дүние ойлап табарымыз сөзсіз», — дейді Құралай Нұрқаділова.

Гүлжан Жұмаділова Алматыдағы спорттық мектептердің бірінде қашықтан білім алады, ал Мәскеуде жаттығып жүр екен.

Қарапайым отбасыдан шыққан Гүлжанды Ресей астанасына жіберу үшін әкесі көлігін сатуға мәжбүр болған. Ай сайын ата-анасы қыздың бапкеріне 150 мың теңге төлейді.

Спортшыға жарыстарда Ресейдің атынан қатысуға ұсыныс айтылыпты, бірақ Гүлжан Жұмаділова әрқашан Қазақстанның намысын ғана қорғаймын деп қабыл алған жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары