$ 494.87  520.65  4.91

Цирк ғимараты «өртке оранды»

Бүгін «Оңтүстік цирк» мекемесін өрт шарпыды. Құтқарушылар 200-дей қызметкер мен 25 жануарды тілсіз жаудан аман алып шықты. Қызыл жалынмен арпалысуға 70 төтеншелік атсалысты. Өрт сөндірушілердің дәл осындай сценариймен түзілген оқу-жаттығуын біздің түсірілім тобы да қалт жібермеді деп жазады Оtyrar.kz.

Дабылмен келген көліктерден 70-ке жуық өрт сөндіруші мен төтенше жағдай қызметкерлері түсті. Іле-шала ғимаратқа жүгірген мамандар «Оңтүстік цирк» мекемесінің қызметкерлерін құтқаруға асықты. Шара аясында төтеншеліктер міндетін пысықтаса, шығарамшылық ұжым сақтанудың жолын үйренді.

«Бұл жерде жеке құрамға қойылған тапсырма гастрольге келген цирк пен жергілікті цирктің жануарларын құтқару. Одан басқа цирктің аумағында 200-дей қызметкер жұмыс атқарады. Оларды да қауіпсіз орынға көшіру мақсаты орындалды», – дейді мамандандырылған жасақ басшысы Норбек Таукеев.

Алдын ала түзілген сценарий бойынша, түтіннен есін жоғалтқандар құтқарылды. Кейін сыртқа ұмтылған тордағы жануарларға көмек көрсетілді. Қарбалас шатырға су атқылаумен аяқталды. Кейін кинологтар іште ешкімнің қалмағанына көз жеткізу үшін қайта кіріп, ғимаратты аралап шықты.

«7 жылдық тарихымызда ешқашан өрт болған емес. Бұл жаттығулардың барлығы бізге керек. Өрт бола қалған жағдайда қызметкерлеріміз қалай шапшаң қимылдау керек, бірінші кезекте не жасау керектігін үйренуде. Үлкен тәжірибе», – дейді Арман Әлиев, «Оңтүстік цирк» мекемесінің директоры.

Шымкенттегі «Оңтүстік цирк» ғимараты бір сәтте 1000-нан астам көрерменді қабылдай алады. Оған жан-жануарларды тағы қосыңыз. «Осындай себептерге байланысты ұжым тосын жағдайларға дайын болуы керек», – дейді мамандар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары