Қарағанды облыстық соты азаматтық белсенді Әлия Садырбаеваның «үкімет отставкасын талап етемін» деп өткізбек болған пикетіне рұқсат бермеген әкімдік шешімінің үстінен түсірген арызын қарай бастады. Садырбаева «әкімдіктің пикет өткізуге рұқсат бермегенін заңсыз деп тану туралы» шағымын аудандық сот қарамағанын айтып, аудандық сот судьясының арызға берген анықтамасын жойып, істі бірінші инстанциядағы сотта қарауды сұрайды деп жазады Азаттық.
«Үкімет отставкасын талап ету бойынша өткізбек болған пикетіме заңнаманың ешбірінде жазылмаған себеп бойынша тыйым салу – заңсыз, бұл менің жиын өткізіп, көзқарасымды еркін білдіру құқығымды шектейді», - деді Азаттық тілшісіне Садырбаева.
Жауапкер – әкім мен Қарағанды әкімдігінің өкілі Садырбаеваның шағымымен келіспейді. Бұған дейін белсенді арызына берілген жауапта әкімдік тарабы «үкімет отставкасын талап етіп пикет өткізу заңнамада қарастырылмаған және бұл «Үкімет туралы» конститутциялық заңға қайшы» деп жазған.
Екі тарапты тыңдаған судья сот отырысын 19 желтоқсанға қалдырды.
Бұған дейін жауапкер – Қарағанды қаласының әкімі мен әкімдік өкілі – Садырбаеваның шағымына «пикетіңізде айтқалы жатқан Қазақстан үкіметінің отставкаға кетуі туралы талабыңыз заңнамада қарастырылмаған және «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» конститутциялық заңға қайшы» деп жауап берген.
Жергілікті биліктің сөзінше, «үкіметті отставка кетіруге қатысты шешім қабылдайтын мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар Қарағандыда болмағандықтан, мұндай талаппен пикет өткізу жөнсіз».
Әкімдіктің бұған дейін берген жауабында «осы сипатта қандай да бір акция өткізгендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады» деп жазылған.
Қарағандыда белсенді және блогер ретінде танымал Әлия Садырбаева қазіргі үкіметтің отставка кетуін талап етіп, пикетке шығатынын алдын ала ескерткен. Оның сөзінше, «үкімет әлеуметтік әлсіз топқа кіретін азаматтардың өмірін жақсартып отырған жоқ, жұмысшылардың жалақысы төмен». Бұған дейін ол «президент тапсырмаларын орындамай отырған» билікті сынап, Қазақстанның премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа отставкаға кетуін талап етіп хат жазған.