Полицейлер кәріз және арықтың қақпақтарын ұрлады деген күдікпен әкелі-балалы екі адамды ұстады деп хабарлайды Алматы облысы Полиция департментінің баспасөз қызметі.
Оқиға Ұйғыр ауданының орталы Шонжы ауылында болған. Қарашаның басында полицияға шойыннан құйылған кәріз қақпақтарының жаппай жоғалып жатқаны туралы арыздар түсе бастаған. Тәртіп сақшылары, өз кезегінде, металл сынықтарын қабылдау орындарында тексеру жүргізген және күдіктілерді анықтау мақсатында жұмыс жасайтын жедел-тергеу тобын құрған.
«Жүргізілген іс-шаралар барысында қақпақтарды ұрлаумен және оны түрлі-түсті метал қабылдайтын орындарға өткізумен айналысқан бір отбасының екі азаматы анықталды. Күдіктілерден бір ай ішінде 3 тоннаға жуық қолды болған кәріз және арық қақпақтарын тасымалдауы мүмкін автокөлік тәркіленді. Қазіргі уақытта ұсталғандар 120 қақпақты ұрлады деген күдікке ілінді. Күдіктілердің үйінен табылған және тәркіленген 42 шойын қақпақ қылмыстық өндіріс материалына айғақзат ретінде тіркелді», – деп хабарлайды Алматы облысы Полиция департментінің баспасөз қызметінің өкілдері.
Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, ведомство өкілдерінің хабарлауынша, полицейлер күдіктілердің ұрланған қақпақтарды бөлшектеп өткізген металл қабылдау орнын анықтады. Оның иесі де ұрланған мүлікті сатып алғаны үшін жауапкершілікке тартылады екен.
Дереккөз: Tengrinews.kz