06.12.2018, 09:20

Жас ақын Семей әуежайын «Абай жолы» деп атауды ұсынды

Семей әуежайына «Абай жолы» атауы берілсін! Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағы Семей қаласы филиалының төрағасы, жас ақын Мерей Қарт өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Тәуелсіздік алғаннан бері әр түрлі мемлекеттік мекемелер, әлеуметтік нысандар, халықтық маңызы бар орындар қазақшаланып, кеңестік кезеңнің құрсауынан шығып келеді деген ақын көптен күткен әуежайға Абай атын беруді сұрап отыр.

«Ендігі кезекте әуежолы. Әуежолының әбігері әлі басылмай тұр. Астана, Алматы қалаларына тұрғындар осы уақытқа дейін Өскемен арқылы ұшып жүр. Себебі күрделі жөндеу жасалып жатқалы қашан?! Бірақ, көмбіс, төзімшіл халық оған да үйреніп қалды. Жақында іске қосылады деген қуанышты хабарды құлағымыз шалған еді. Сол орайда 40 жылдан кейін жөндеу көріп, жөнге келіп жатқан әуежайды «Абай жолы» деп атасақ деймін. Семей қаласы географиялық жағынан да өте тиімді жерде тұр. Ендігі уақытта халықаралық әуежайға айналып, халықтың игілігіне жұмыс жасайды деп сенемін. Сондықтан күре жолда тұрған, Қарауыл, Жидебай бағытында орналасқан әуежайды «Абай» атындағы xалықаралық әуежай десек, жарасымды естіледі емес пе?! Халық та қолдайды деп зор сенім білдіремін», - дейді Мерей Қарт.

Ол өзінің ұсынысын ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің қолдауын сұрайды.

«Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Кенжетайұлы сіздің назарыңыздан осы өтініш тыс қалмай, тиісті жерлерге жетсе деймін», - деп сөзін аяқтады ол.