Алматыда опера және балет театрының әртістері дайындық кезінде үнсіз қарсылық танытты. Грим жағып, костюм киген әртістер дайындық кезінде ән айтпай қойды деп хабарлайды 31 арна.
Әртістер осылайша қарсылық танытуда. Бұл үнсіздік бернеше дайындық кезінде осылай жалғасты. Италиядан шақырылған мэтрлер бұған түсіністікпен қарады. Кейіннен басшысының ғана емес, дирижердің де ауысқаны белгілі болды.
«Басшылыққа қарсы шығу оңай болған жоқ. Мұнда өзіндік жүйе бар. Біздің жаңа басшымыз дұрыс жұмыс істейді деп сенеміз», – дейді театр әртісі Ришат Ахметов.
Ая Қалиева міндетті атқарушы қызметіне тағайындалды. Ол бұрын Селезнева атындағы би училищесін басқарған.
Айта кетейік, 170 қызметкер Астанаға хат жазып, басшылықты ауыстырып, жалақыны көтеруді талап еткен. Әрбір хор айтушының жалақысы 50 мыңнан сәл жоғары.
«Бұл реттеуді талап ететін мәселе. Кітапханаларда бұдан да аз жалақы алады. Ал, артист одан әрі солист ретінде көтерілуі мүмкін. Жалақыны көтеру – мүмкін емес. Біз әркімнің дамуына, талантын шыңдауға жағдай жасап отырмыз», – дейді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Дарындылығыңды шыңдау – жақсы дүние. Бірақ аштықта жүріп талантыңды шыңдау қиын нәрсе. Жүздеген адамның бір уақытта қалай солист болуы мүмкін екенін министр айтқан жоқ. Сондықтан артистердің қойылымнан соң бармен болып жұмыс істеуіне тура келеді.