$ 494.87  520.65  4.91

Алматы облысының әкімі үздік журналистерді марапаттады

Талдықорғандағы Б. Римова атындағы драма театрының жаңа ғимаратында журналистер арасындағы дәстүрлі «Самғау» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Жүлдегер журналистер сыйлықтарын облыс әкімі Амандық Баталовтың қолынан алды.

Журналистерді құттықтаған облыс әкімі Амандық Баталов облыстағы мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылу барысын насихаттауға зор үлес қосып жүрген журналистерге ризашылығын жеткізді.

«Біз Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында дәстүр бойынша журналистер арасындағы «Самғау» байқауы жеңімпаздарын марапаттағалы отырмыз. Журналистер қауымы – жаңалыққа жаны жақын, жақсы істердің жаршысы, қоғам өмірінің барометрі. Халық пен билік арасындағы алтын көпір десек те, артық айтқандық емес. Жақында ғана жария болған Президентіміздің «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы да баспасөзде жарияланып, Сіздер арқылы насихатталып жатыр. Алдағы уақытта ауқымды істерді атқаруда – бұл мақаланың бізге – бағдар болары сөзсіз. Сіздер ел игілігі жолында, соның ішінде ақпарат саласында абыроймен қызмет атқарып келесіздер. Сол үшін Сіздерге үлкен алғысымды білдіремін!», – деді өз құттықтауында А. Баталов.

Облыс әкімі өңірдегі БАҚ ұжымдары мен жекелеген журналистердің жыл бойы жеткен жетістіктерін атап өтті. Мәселен, облыстық «Жетісу» газеті «Үркер» ұлттық байқауында «Өңірлік үздік басылым» аталымы бойынша жеңімпаз болса, «Жетісу» телеарнасы «Тұмар» телевизиялық байқауының «Үздік өңірлік телеарна» аталымын жеңіп алған. Ал журналистикамен қатар әдебиетке үлес қосып жүрген қаламгерлер – «Талдықорған» газетінің тілшісі Айдын Кәлімхан мен «Жетісу» телеарнасының бөлім редакторы Есболат Айдабосын «Алтын қалам» тәуелсіз әдеби жүлдесінің иегері болды. Бұдан өзге де ауыз толтырып айтарлық нәтижелер жетерлік.

Бұдан әрі сөзін сабақтаған облыс әкімі Амандық Баталов:

«Біз өз тарапымыздан сіздердің жұмыс істеулеріңізге қолайлы жағдай жасауға, Журналистер үйінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, тұрғын үй және басқа да тұрмыстық қажеттіліктерді шешуге қолдау көрсететін боламыз. Баршаңызды алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Облыс тұрғындарының игілігі үшін бірлесе еңбек етіп, ортақ мүддеге жұмыс істейтінімізге сенім білдіремін. Сіздерге мықты денсаулық, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға береке тілеймін!»,  – дей келе марапаттау рәсіміне көшті.

«Хабар 24» телеарнасының меншікті тілшісі Гүлнар Жантасова «Үздік тележурналист» атанса, осы номинацияда «Жетісу» телеарнасының редакторлары Жазира Исаева мен Назгүл Аязбаева да жеңімпаз деп танылды.

Сол сияқты Алматы облысы туралы жазған материалдары үшін «Үздік республикалық тілші» аталымында «Алтын орда» сайтынан Серік Малеев, «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігінен Самал Қабышева және «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Қалмаханбет Мұхаметқали марапатталды.

Сонымен қатар «Үздік журналист» «Үздік фотосуретші», «Үздік оператор», «Үздік тілші», «Баспа басылымының үздік дизайны, инфографика», «Үздік бейнеклип өңдеуші», «Үздік облыстық Vlog немесе үздік блогер», «Үздік желілік басылым», «Облыстық журналистика саласына қосқан үлесі үшін немесе ардагер журналист» аталымы бойынша да жеңімпаздар анықталып, жүлдегерлердің барлығына 100-500 мың теңге аралығында ақшалай сыйлық сертификаты берілді.

Атап өтсек, байқауға республикалық, облыстық, аудандық және қалалық БАҚ қызметкерлерінен, штаттан тыс тілшілерден 143 материал келіп түскен. Жұмыстар Президент тапсырмаларының орындалуы, «7-20-25», «Нұрлы жол», «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ақпараттық Қазақстан» және т.б. мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы бағыттары бойынша сарапталып, жалпы саны 11 номинация бойынша жеңімпаздар анықталды.

Дереккөз: Baq.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары