Қазақстандықтар Америка президенті Дональд Трамптың келе жатқан Тәуелсіздік күніне орай құттықтау хабарламасын алды деп жазады ҚазАқпарат.
АҚШ президентінің құттықтауын кеңейтілген стратегиялық әріптестік жөніндегі қазақ-америка комиссиясының кезекті отырысының нәтижелері бойынша баспасөз конференциясында АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісінің бірінші орынбасары Элис Уэллс жолдады.
Өз сөзінде Элис Уэллс Қазақстанға Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары барысында өткен келіссөздер кезінде Назарбаев пен Трамп арасында қабылданған уағдаластықтарды жүзеге асыру бойынша жұмыс істеп жатқаны үшін алғысын білдірді.
Сондай-ақ, Уэллс екі тараптың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Қазақстанның екі жыл мүшелік етуі туралы сөз еткендерін атап өтті.
«Сондай-ақ, мен сіздердің алдағы уақытта тойланатын Тәуелсіздік мерекелеріңізге Трамп мырзаның құттықтауын жолдағым келеді. Біз сіздерге қолдау көрсетуге дайынбыз»,- деді Элис Уэллс.