«Сәкен Майғазиев өлім аузынан қалды. Адам өліміне дейін апаратын паразиттер әншінің сырқаттануына себеп болды» деген ақпарат желіні шулатуда. Бұл ақпаратты көргенде Майғазиевтің өзі қатты таңғалған.
«Интернет арқылы іздестірдік. Қандай да бір мен түсінбейтін, үш қайнасам сорпам қосылмайтын бактериялар пайда болып, содан мен айықтым деген сияқты… Ресейлік компания екен, қателеспесем», – дейді Сәкен Майғазиев «Той думан» бағдарламасында.
Алғашқыда ақпараттық мазмұндағы мақаланы түсіне алмаған Сәкен ақырында алаяқтарға тап болғанын түсінген.
«Шағымданғаным үлкен ұжым. Бұларға хабарласқан кезімде анық телефондарын бермейді. Ол енді Батыс Қазақстан жақтан филиал ашып алған телефон қабылдайтын. Телефонға қоңырау кіреді, сыртқа шықпайды. Жасырын компания, бір сөзбен айтқанда алаяқтар ғой. Тауарларын өткізу үшін сондай арам қадамдарға барып жатыр. Егер табылса, заңды түрде сотқа берілетін болады», – дейді Сәкен.
Әйткенмен, Майғазиев кез келген жағдайдан жақсылықты көруді үйренген.
«Бір жағынан қуандым. Неге десеңіз, Қазақстанның ішінде танымал тұлға ретінде мені таңдағанына… Ресейлік компаниялар менің атымды пайдаланып жатса, мен де азды-көпті жетістікке жеткен екем ғой деп өзімді жұбаттым», – дейді Майғазиев.
Дереккөз: Stan.kz