Маңғыстау облысының құқыққорғау органдары кеше кешке Ақтауда металл қабылдау пунктінде болған жарылыс себебінің екі нұсқасын анықтап жатыр. ІІМ Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, жарылыс белгісіз бір заттан немесе газбен жұмыс істейтін металл кесетін құрылғыдан болуы мүмкін деп жазады Baq.kz.
Министрдің айтуынша, оқиға болған күні металл жинайтын төрт адам ГАЗель көлігімен жергілікті жерге келген. Алты қап металл жинап алып, Промзона-2 мекенжайында орналасқан металл қабылдау пунктіне барған. Металл тапсырып жатқанда жарылыс болады. Сол жерде қабылдап жатқан адам мен тапсырып жатқан адам қайтыс болған. Тағы үш адам Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілген.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратына сүйенсек, Ақтау қаласының үш тұрғыны орта дәрежедегі күймен аурухананың травматология бөлімшесінде жатыр.
Қалмұханбет Қасымов жарылыс граната немесе басқа да жарылғыш құрылғыдан болуы мүмкін дегенді жоққа шығарды. Бірақ кеше «Арлан» оқу-жаттығу ротасының қызметкерлері 11 танкілік оқу снарядын тапқан.
«Қазір әскери тергеушілермен тексеріп жатырмыз. Жарылыс ол жерге қандай да бір заттың кіргізілуінен немесе газбен жұмыс істейтін металл кесетін құрылғы металды түсіріп жатқанда қосылып кеткенінен болуы мүмкін. Қазір сарапшылар жұмыс істеп жатыр», - деді ведомство басшысы.