18.09.2015, 03:24

Назарбаев отандық киімдерге жарнама жасады

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отандық кәсіпкерлерді жеке өндірісті дамытып, «Қазақстанда жасалған» маркасымен өнім шығаруға шақырды. Бұл туралы «Интерфакс-Қазақстанға» сілтеме жасап Tengrinews.kz жазады.

«Жергілікті өндірісті дамыту керек. Бүгін екі кәсіпорыннан "Қазақстанда жасалған" деп жазылған сөзді көргенде қатты қуандым», - деді Назарбаев Атыраудағы Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдерімен болған жиын кезінде.

Назарбаев өзінің қазақстандық өнімдерді жарнамалаушы екенін айтты. «Менің үстімдегі киім Қазақстанда тігілген», - деді Президент. Ол үстіндегі пиджагын шешіп, этикеткасын көрсетті. "Аяқкиімім де Қазақстанда тігілген", - деді ол.

Осыдан кейін Мемлекет басшысы бірінші қатарда отырған инвестиция және даму министрі Әсет Исекешевті меңзеп, «Оның да киімі Қазақстанда тігілген» деді.