Сенат депутаттары далада өздерінің бау-бақшасында өсірген жеміс-көкөністерін сатып, нәпақа табатын қарт әжейлерге жанашырлық танытты.
Бүгін Сенаттың экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің отырысында сауда қызметін реттеу мәселелері жөніндегі заң жобасы қаралды. Оны талқылау барысында депутаттар даладағы ұйымдастырылмаған сауда-саттық мәселесін көтерді, деп жазады BNews.kz.
Бұл сұраққа жауап бергенҰлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов бау-бақша өнімдерін сатушылардың «Кәсіпкерлік қызмет туралы» заңда бөлек санатқа енгізілгенін және оларға арнайы орындар қарастырылуы керектігін атап өтті.
«Тұрақты түрде сауда жасамайтын адамдар үшін орын қарастырылған. Біріншіден, жәрмеңке өткізуге мүмкіндік бар. Жергілікті атқарушы органмен келісіліп, жәрмеңке орны анықталады. Оған қатысқаны үшін төлем алынбайды. Жергілікті атқарушы орган сауда орындарын анықтайды, олар сауда сөрелерімен қамтамасыз етілуі тиіс. Ол жерде инфрақұрылым, абаттандыру жұмыстары бойынша талаптар өте аз болуы керек», – деп толықтырды вице-министр.