Жазушы Олжас Сүлейменов Астана сотынан немересі Ескендір Сүлейменовтің өліміне кінәлі деп танылған Малика Мұхитованы бас бостандығынан айырмауды сұрады деп хабарлайды NUR.KZ.
Олжас Сүлейменовтің қолы қойылып, Астана сотына жіберілген хатта Малика Мұхитова Сүлейменовтердің қайғысын ана болғанда түсінетінін жазған.
«Ескендір Сүлейменовтің өлімінен кейін алты ай өтті. Оның жақындарын ешқандай да уақыт емдемейді. Менің немерем бағдаршамда жасыл түс жанғанда кетіп бара жатқан мотоцикл жолын тоқтатқан көлік жүргізушісінің құрбанына айналды», - деп жазылған хатта.
Сүлейменов бұл фактіні бірнеше ай бойы жүргізілген тергеу жұмыстары да анықтағанын жазған. Ал аудандық сот қажетті шешім қабылдаған.
«2018 жылдың 26 желтоқсан күні Астана қалалық соты да осы істі қарайды. Сүлейменовтер жанұясының үлкені ретінде мен бар жауапкершілікті өз мойныма алып, Жоғарғы соттан жол апатына кінәлі қызға жаза қолдануды, алайда бас бостандығынан айырмауды сұраймын.
Оның жасы 30-ға таяп қалған. Тұрмысқа шығып, дүниеге бала әкелсін. Сонда Малика Мұхитова біздің қасіретімізді түсінетін болады», - деген ол хатта.
Айта кетейік, қайғылы оқиға Астана қаласында 22 маусым күні болған. «Hyundai» автокөлігін басқарған Малика Мұхитова жазушы Олжас Сүлейменовтің немересі Ескендір Сүлейменов отырған мотоциклмен соқтығысқан.
Ал қараша айында кінәлі деп танылған азамат екі жылға бас бостандығынан, бес жылға автокөлік жүргізу куәлігінен айрылды.