$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда «Елбасы жолы. Астана» фильмінің көрсетілімі өтті

Алматы қаласында «Алатау» киноконцерт залында «Елбасы жолы. Астана» көркем фильмі жұртшылыққа көрсетілді деп хабарлайды «Қазақфильм» киностудиясы. 

Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша «Сатайфильм» кинокомпаниясының қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірді. Көркем кинотуындының режиссері - Ақан Сатаев. 

«Қазақфильм» киностудиясының ең ірі жобаларының бірі болып саналатын фильмнің салтанатты көрсетілімі шығармашылық топтың қатысуымен өтті.  

«Осындай ірі жобада жұмыс істеу мен үшін және менің командам үшін үлкен құрмет. Біздің фильм барлық көрермендерге арналған, өйткені бұл фильмде бәрімізге ортақ - еліміздің тарихы баяндалады. Үлкен аға-әпкелерімізден бастап, іні-қарындастарымызға дейін бұл туынды қызықты болатынына сенімдімін. Фильмді қызықты әрі шынайы етіп жасауға тырыстық. Картина тарихи фактілерге негізделген, сондықтан да фильмдегі барлық кейіпкерлер де шынайы өмірдегі адамдар, болған оқиғалардың куәгерлері» , - деді режиссер Ақан Сатаев. 

Айта кетсек, «Елбасы жолы. Астана» - «Елбасы жолы» киноэпопеясының алтыншы бөлімі. Оның алдында түсірілген «Балалық шағымның аспаны»,  «От-өзен», «Теміртау», «Тығырықтан жол тапқан», «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмдері көрерменнің ыстық ықылас-ілтипатына бөленгені туралы айта кеткен жөн.

 «Елбасы Жолы. Астана» фильміне елордамыз - Астананың салыну тарихы арқау болған. Оқиға 1994 жылдың шілде айынан бастау алады. Кеңес одағы құлағаннан кейін Қазақстанның тәуелсіз дара жолы басталады. Экономикалық дағдарыс пен саяси тұрақсыздыққа тап болған сол бір қиын-қыстау кезеңдерде, Мемлекет басшысы астананы Алматыдан Ақмолаға көшіруді ұсынады. Бұл ұсыныс барша халық үшін күтпеген оқиға болды, мұндай шешімнің іске асатынына және оның жемісті болатынына ешкім сенбеді. Бірақ қауіп-қатер мен қарама-қайшылықтарға қарамастан, көпшіліктің күдіктеріне, күмәншілдердің сыны мен қаржылық қиындықтарға төтеп бере отырып, Президенттің басшылығымен еліміз межеленген мақсатты іске асырды. 1998 жылдың 10 маусымында жаңа астана - Астана қаласының халықаралық тұсаукесері өткізілді.  

Фильмнің сценариін Әділбек Жақсыбеков және Тимур Жақсылықов бірлесіп жазған. Көркем туындының түсіру жұмыстары былтыр желтоқсан айында қолға алынды. Картинаның негізгі түсірілімдері Астанада жүргізілді. Мысалы, негізгі түсірілімдер елорданы Алматыдан Астанаға ауыстырғаннан кейінгі Президент Н.Ә.Назарбаев 1997-2004 жылдары аралығында жеті жыл бойы жұмыс істеген алғашқы резиденциясы - Елбасы кітапханасының музейі ғимаратында жүргізілді.  Мұнда жоғары деңгейдегі кездесулер мен келіссөздер өткізіліп, еліміздің тағдырына қатысты шешімдер қабылданды. Алғашқы кейпінде сақталған Мемлекет басшысының кабинеті, қабылдау және отырыс залдары сол жылдардағы жұмыс күндердің атмосферасын бірден бере алды.   

Фильмге түскен актерлер туралы да айта кеткен жөн. Н.Назарбаевтың рөлін театр және кино актері Мұрат Ахманов сомдады. Сондай-ақ фильмге Еркебұлан Дайыров, Жан Байжанбаев және басқа да танымал кино жұлдыздары түсті. Айта кетсек, осы жобаға британдық грим бойынша суретші, «Оскар» жүлдесінің иегері Марк Кольер арнайы шақырылды. Ол Маргарет Тэтчер және Уинстон Черчильдің образдарын жасаған.  

Фильмнің түсірілімдеріне Президенттің кеңсе қызметкерлері, протокол қызметі мен Мемлекет басшысы күзет қызметкерлері кеңесші болып арнайы тартылды. 

Дереккөз: ҚазАқпарат

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары