Жаңалықтар 25.12.2018 сағат 09:48  167

Сағынтаев Назарбаевтың тапсырмасын орындамай отырған әкімдерге шүйлікті

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев коммуналдық қызмет тарифтерін төмендетпеген өңір әкімдерін сынға алды деп хабарлайды Sputniknews.kz.

Сағынтаев Назарбаевтың тапсырмасын орындамай отырған әкімдерге шүйлікті

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтен газбен қамту бойынша Қызылорда мен Атырау облыстарында неге өзгеріс жоқ екенін сұрады. 

«Біз объективті түрде қарап шықтық. Бұл екі өңірде онсыз да газ тарифі төмен, бұл ортақ міндеттерге жауап береді. Өсім қарастырылмаған», — деді министр. 

Үкімет басшысы Сүлейменовтің бұл жауабына қанағаттанбады. Ол ПИК, жолақы, қоқыс шығару, лифт бойынша кейбір өңірлерде неге тарифтің өзгергені туралы мағлұмат жоқ екенін сұрады. 

«Мәселе оларда газдың тарифі төмен екендігінде емес, халықтың мемлекет басшысының тапсырмасының орындалуын күтіп отырғаны. Әкімдіктің басқаруындағы ПИК, басқа да коммуналдық қызметтер бойынша, егер бұл өңірлерде шешім қабылданбаса, бұл президенттің тапсырмасын орындамау дегенді білдіреді. Құрметті әкімдер, бұған жеке жауап бересіздер. Біз тиісті анықтаманы береміз. Басқа өңірлер тарифті өзгерткен, ал кейбіреулері әртүрлі сылтаумен сол күйі қалып отыр. Мұны қалай түсінуге болады? Былайша айтқанда, монополистердің жетегінде кетіп отырсыздар», — де ашуланды Сағынтаев. 

Премьер-министр 29 желтоқсанда өтетін үкімет отырысында тарифтерді төмендету мәселесі тағы қаралатынын атап өтті. 

«1 қаңтарға дейін уақыт бар, шешімдерді шығарыңыздар. 29 желтоқсан күні үкіметтің тағы бір отырысы өтеді. Сол отырыста тариф бойынша шешім шығармаған әкімдер баяндама жасасын. Тимур Мұратұлы (ұлттық экономика министрі – автор ескерт.), сізге де қатысты», — деді премьер. 

Сағынтаев тарифтерге қатысты Елбасы тапсырмасының орындалғанын барлық қазақстандық сезінуі тиіс екенін тағы бір мәрте атап өтті. 

«Сол себептен 1 қаңтардан бастап барлық қызмет жаңа тарифпен көрсетіле бастауы тиіс. Тарифтердің қалай есептелінетінін халыққа түсінікті және барынша ашық жария ету керек. Егер де тарифтерді төмендетпесеңіздер, халықтың алдына шығып, себебін түсіндіріңіздер. Халық пікірін айтсын. Барынша жария өткізу керек. Бұл Елбасының қойған талабы»,  — деді үкімет басшысы.

Соңғы жаңалықтар