$ 494.87  520.65  4.91

Апелляция соты Ерімбетовке шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды

Алматы қалалық соты «алаяқтық жасады» деген айыппен сотталған кәсіпкер Ескендір Ерімбетовтің және онымен бірге сотталғандардың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Алматы қалалық қылмыстық істер сотының судьясы Асхат Әшірбеков 25 желтоқсан күні алғашқы сот инстанциясының үкімін күшінде қалдырды деп жазады Азаттық.

Сот шешімі жарияланған соң монитор қойылған кабинетте отырған Ескендір Ерімбетовтің жақтастары «Масқара!», «Ескендірге бостандық!», «Василинаға бостандық!» және «Димаға бостандық!» деп ұрандатты.

Ескендір Ерімбетовтің әкесі әрі қоғамдық қорғаушысы Мырзахан Ерімбетов қорғаушылары атынан апелляциялық соттың шешімі үстінен Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсіретінін мәлімдеді.

Адвокаттар тыңдауға Ескендір Ерімбетов, Василина Соколенко және Дмитрий Пестовты қатыстыруды сұрағанымен, сотқа оларды алып келмеді. 22 қазандағы сот үкімімен шартты жаза кесіліп, сол күні сот залынан босатылған Михаил Зоров та апелляциялық сот тыңдауына қатысқан жоқ.

Сотталушылар мен олардың қорғаушылары алғашқы сот инстанциясында процессуалдық заң бұзылғанын мәлімдеп, соттан үкімді жоюды сұраған.

Кәсіпкер Ескендір Ерімбетов былтыр қараша айында қамауға алынған және оған тағылған «алаяқтық» айыбы бойынша іс 14 маусымда басталған. Төрт айға созылған іс қазан айында аяқталып, кәсіпкер 7 жылға сотталған. Оған қарсы тағы бір іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Екінші істе қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов пен Ерімбетовтің қарындасы, Әблязовтің заңгері болған Бота Жәрдемәлінің аттары аталған.

Кейбір құқық қорғау ұйымдары Ескендір Ерімбетовке байланысты істің саяси астары бар деп мәлімдеген. Қазақстан билігі бұл мәлімдемені теріске шығарады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары