26.12.2018, 08:49

Мәжіліс Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы құжатты мақұлдады

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Каспий теңізі мәртебесінің реттелуі мен халықаралық саяси экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың құқықтық режімін қалыптастыру - жағалау маңы елдерінің барлығы үшін әрдайым стратегиялық маңызды бағыт болып саналады. Осы жылдың 12 тамызы Каспий бестігінің тарихында маңызды күн болды. Өйткені бұл күні Ақтау қаласында елдеріміздің басшылары өңіріміз үшін негіз салушы болып саналатын халықаралық шарт - Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойды. 

Бұл құжаттың қол қойылуына 25 жылға созылған келіссөздер  себепші болды. Конвенцияны әзірлеу кезінде әлемдік тәжірибе, Каспий теңізінде қолдануға болатын халықаралық теңіз құқығының нормалары, ұлттық сарапшылардың жеке өздерінің ойлап тапқан әдістері іске асты. Бұл мәнмәтінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне қатысты БҰҰ ресми құжаты ретінде таратылған. 

Қазақстанның 1997 жылғы ұстанымның дұрыс болғанын, конвенция ережелерінде ол толықтай көрініс тапқанын атап өтер едім», - деді ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов. 

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтау саммитінде сөз сөйлеу кезінде конвенцияны Каспий теңізінің конституциясы деп атап, бұл құжат өңірдегі қауіпсіздік, тұрақтылық пен өркендеудің кепілі деп мәлімдеді. Құжатта жағалау елдерінің қызметінің негізгі қағидалары бекітілген. Олардың ішінде теңіздің  түбін, қойнауын, табиғи ресустарын және оның үстіндегі ауа кеңістігін пайдалануға қатысты тараптардың құқықтары мен міндеттері, жер қойнауына жүзіп өтуге, балық аулауға, теңізде ғылыми-зерттеулер жүргізуге құқықтарды жүзеге асыру тәртібі, сондай-ақ қауіпсіздік саласы мен теңіз ортасын қорғау саласындағы ынтымақтастық көрсетілген. 

«Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі бойынша мәселелер тараптардың айрықша құзыретіне жатады. Мемлекеттердің егемендігін, аумақтық тұтастығын, тәуелсіздігін, егемендік теңдігін құрметтеу, күш немесе күшпен қорқытуды қолданбау, өзара құрмет, ынтымақтастық, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау секілді қағидалар негізінде жүзеге асыралатын болады. Каспий теңізінің акваториясы әртүрлі құқықтық режімдерде болатын ішкі сулар, аумақтық сулар, балық аулау аймақтары және ортақ су кеңістігі белгіленді. Аумақтық сулар ені 15 теңіз милінен аспайды. Ал олардың сыртқы сулары теңіздегі мемлекеттік шекаралар болып бекітілді», - деді министр. 

Оның айтуынша, Каспий теңізінің түбі мен қойнауын секторларға бөлу жалпы мойындалған қағидалар мен халықаралық құқықтық нормаларды назарға ала отырып, шекаралас және қарама-қарсы орналасқан мемлекеттердің уағдаластықтары бойынша, яғни мүдделі мемлекеттердің арасындағы жеке келісімдер негізінде жүзеге асырылады. 

«Каспийдің экологиялық жүйесі мен оның барлық компененттері жан-жақты қорғалады және  сақталады. Теңіздегі қандай да бір қызмет түрі теңіздің қоршаған ортасы мен биологиялық ерекшеліктеріне зақым келтірмеуі тиіс. Конвенцияны тиімді орындау мақсатында тұрақты бесжақты арнайы консультациялар тетігі болып саналатын Каспий маңы мемлекеттері Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары, уәкілетті өкілдері деңгейінде Каспий теңізі мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі жұмыс тобы құрылуда. Біздегі ақпаратқа сәйкес, Каспий маңы мемлекеттерінің барлығы конвенцияны ратификациялауына қажетті мемлекет ішіндегі рәсімдерін орындауды бастаған», - деді Қайрат Әбдірахманов.