Ағымдағы жылы елімізде 38 мыңнан астам ұялы телефон қолды болған. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаменті басқармасының басшысы Нұржан Рахметуллаев мәлімдеді деп жазады Baq.kz.
«Өзгенің мүлкін ұрлау – өршіп тұрған қылмыстың бірі болып отыр. Соның ішінде, ұялы телефон ұрлығы үлкен проблема. Себебі, оны ұрлау да оңай, сату да оңай. Сонымен қатар, тіркелмеген мұндай телефондар қылмыс жасау кезінде қолданылып келеді. Яғни, тіркелмеген телефонға тіркелмеген сим-картаны салып, оны қажетінше пайдаланған соң, лақтыра салады. Бұл бірреттік телефондар», - деді ІІМ өкілі.
Сонымен қатар ол, қазір базар немесе қала көшелерінде сим-карта сатушылары қаптап тұрғанын атап өтті.
«2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл заң күшіне енген соң, біз ұялы телефон ұрлығы деген проблемадан аулақ боламыз. Бұл жүйе біздің жұмысымызды едәуір жеңілдететін болады. Осы жылдың өзінде 38 мыңнан астам ұялы телефон ұрланып, оның ішінде, 13 мың телефон ғана есептен шығарылды», - деді Рахметуллаев.