$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда мектеп-гимназияда полицейдің баласы оқушылардан ақша сұрап келген

Алматыда полиция қызметкерінің баласы мектепте оқушыларға әлімжеттік көрсеткен. 10-сынып оқушысы өзінен кіші балалардың ұялы телефонын тартып алып, ақша талап етіп, дөнер мен газдалған сусын сұрапты. Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Қаладағы беделді гимназиялардың бірінде полиция қызметкерінің баласынан жәбір көрген оқушылардың ата-аналары шу шығарды. Олар полицияға да шағымданып үлгеріпті.

«Балам ешқашан шағымданбайтын. Әлімжеттік туралы маған мектептен хабарласты. Баламды сұрақтың астына алдым. Сөйтсем, оныншы сынып оқушысы жүйелі түрде телефонын тартып алып, ақша сұраған, басқа да бұйрықтар берген. Тек менің ұлыма емес, басқа оқушыларға да бірнеше рет әлімжеттік жасапты. Директормен сөйлессек, ол оқушыға бұған дейін де бір шағым түсіпті», – дейді ата-аналардың бірі.

Өзге оқушылардың ата-аналары әлімжеттік туралы шағымданғанымен, олардың біреуі ғана құқық қорғау органдарына арыз жазыпты. Ал мектеп басшылығының сөзінше, өзінен кішілерге күш көрсетіп жүрген оқушының әкесі полиция қызметкері екен. Бұл оқиғадан кейін полицей баласын басқа мектепке ауыстырмақ.

«Бүгінгі таңда балалармен алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Барлық шаралар қолданылуда. Директордың орынбасарлары ескерту алды. Балалардың барлығымен түсіндірме жұмыстырын жүргізіп жатырмыз», – дейді №176 мектеп-гимназия директорының орынбасары Нұрбек Өтебаев.

Бүгінде аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары