Мереке қарсаңында азық-түлік қымбаттады ма? Бұл базарға баратын әркімді де ойландыратын сұрақ. Әсіресе жаңа жыл алдында халық көп тұтынатын ұн, сүт, дәнді-дақылдар мен ет өнімдерінің бағасы күрт өзгеретіні белгілі.
Екі апта бұрын Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтында жарияланған бағаларды бағамдасақ: күріштің бір келісі 300 теңге, ұн 350 теңге, сиыр еті 1650 теңге, жылқы еті 1850 теңге, күнбағыс майы орта есеппен 400 теңге деп көрсетілген.
Сондай-ақ көкөністерден қиярдың келісі 850, ал қызанақ 600 теңге, алмалар 350-400 теңгеден сатылған. Әкімдіктің тізімі мен базардағы бағаларды салыстырып көрдік деп хабарлайды «Хабар 24».
Нәтижесінде ет пен сүттің бағасы бірқалыпты. Ал жұмыртқаның құны 50 теңгеге, қияр 300 теңгеге, қызанақ 50 теңгеге қымбаттағаны анықталды. Бағаларға қатысты тұрғындардың айтар уәжі бар.
«Қымбат ғой бәрі де. Өзім пенсионер адаммын. Бірақ енді керек кезінде алуға тура келеді.Жалпы халық үшін қымбат», - дейді сатып алушы.
«Еттің бағасы жоғары ғой, 1600-1700. Кейбір жерлерде одан да жоғары. Жоғары деп ойлаймын», - дейді базарға келген халық.
«Қымбаттайды. Тек нан қымбаттамайды. Қалғанының бәрі қымбаттайды. Осы бір жылда жаңа жылда бәрі қымбаттайды ғой. Сосын Жаңа жылдан кейін бағасы қайтып түседі», - дейді қала тұрғыны.
Мерекеде аяқасты шығынға ұшырамау үшін әрбір затты жоспарлап алу керек деп кеңес береді психолог.