Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері туралы заңнаманы жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды деп хабарлайды Kazpravda.kz.
Осыған дейін Сенатта заң жобасымен таныстырған қаржы министрі Әлихан Смайылов заң жобасының мақсаты сатып алу үдерісін жеңілдету екенін айтқан.
«Біріншіден - бір көзден сатып алудың шекті сомасы 100 АЕК-тен 500 АЕК-ке дейін ұлғаяды (240 500 теңгеден 1 202 500 теңгеге дейін). Бұл маңыздылығы аз сатып алу процедураларын жеңілдетуге және отандық өнім берушілерді қолдауға мүмкіндік береді. Бюджеттің төртінші деңгейін енгізу аясында ауыл әкімдіктері үшін бір көзден сатып алудың шекті сомасы 3 мың АЕК-ке дейін өседі (6 807 000 теңге)» , – деді қаржы министрі.
Сонымен қатар, тапсырыс берушілерге баға ұсыныстарымен сатып алу кезінде тауарлардың фирмалық атауларын көрсетуге құқық беріледі. Бұл сапалы тауарларды сатып алуға мүмкіндік береді.
«Бұл сапаты тауарларды сатып алуға мүмкіндік береді», – деп санайды министр.
Мұнымен қоса, «электрондық қалта» ұғымы енгізіледі. Ол әлеуетті өнім берушінің шотына конкурстық өтінішті қамтамасыз ететін ақшаны автоматты түрде қайтаруға мүмкіндік береді. Осылайша, сатып алуға қатысатын тұлғаларға банк шығындары бойынша түсетін жүктеме азаяды.