29.12.2018, 04:00

Ақмола облысының тұрғыны әкімнің көлігінен ес-түссіз табылды

Ақмола облысында адам өлтірді деп күдікке ілінген Курск ауылдық округінің бұрынғы әкімі Владимир Рагозныйға қатысты сот процесі басталды. Қанды оқиғадан соң ол бірден қызметінен кетіп, сот үй қамаққа  алуға санкция берген-ді.

Айыпталушы орындығында бұрынғы әкімнен басқа, 28 жастағы Курск ауылының тұрғыны Азамат Әбілқадыров та бар. 10 айға созылған тергеу ісі алғашқыда марқұм Баржақсы Жәмішев көліктен өзі секіріп кетті дегенді негізге алып, «Өзін өзі өлтіруге мәжбүрлеу» бабы бойынша қарастырған. Бірақ, бұған қайтыс болған азаматтың туысқандары сенбей, қостанайлық тәуелсіз сарапшылардың көмегіне жүгініпті. Тіпті эксгумация жасауларына тура келген. Осыдан соң қылмыстық іс «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабына ауыстырылды, деп хабарлады КТК. 

Естеріңізде салсақ, оқиға өткен наурыз айында Курск ауылдық аймағында болған-ды. Үйінен ауыл әкімі Владимир Рагозныймен кеткен Баржақсы Жәмішов шенеуніктің көлігінен ес-түссіз табылған. 5 күн комада жатып қайтыс болған еді. 

«Олар әзірге кінәсін мойындап отырған жоқ. Қолымызда екі сараптаманың қорытындысы бар. Бауырымның алған ауыр жарақаты құлағаннан болмаған. Сондықтан, сот әділ шешім шығарады деп сенеміз. Біз бұны бәрібір бұлай қалдырмаймыз», — марқұмның әпкесі Гүлсін Тасеменова.  

Дереккөз: Sputniknews.kz