Маса шағып көз жұмды делінген Мақпал Еспенбетованың күйеуі дәрігерлерді әділ жазалауды сұрады. Жазда екі баланың анасы көзін маса шаққанын айтып ауруханаға келеді. Алайда дәрігерлер оған дәрі құйғаннан кейін көз жұмды. Осыдан кейін үш медицина қызметкеріне сөгіс берілді. Іс әлі күнге дейін сотқа жетпеді деп хабарлайды 31 арна.
Мақпал Еспенбетованың көз жұмғанына 4 ай толды. Күйеуі денсаулық сақтау министрлігі жүргізген тексеруден кейін әйелін аман алып қалуға болатынын және иненің қателікпен салынғанын білген.
Енді журналистерден медицина қызметкерлеріне сөгіс қана берілгенін естіп, оларды қатаң жазалауды сұрап отыр.
«Әлбетте, алған жазаларына көңілім толмайды. Маған жұмыс істеп-істемейтіндері бәрібір. Бірақ жұмыс істемегендерін, өздеріне лайық жазаларын алғанын қалаймын. Оларды жұмыстан қуу жеткіліксіз», – деді марқұмның күйеуі Роллан Еспенбетов.
Мақпал Еспенбетованың ісі сотқа қашан түсетіні белгісіз. Құқық қорғау органдары екінші рет медициналық сараптама тағайындады.
«Аталған фактіге сәйкес, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Нәтижесі бойынша процестік шешім қабылданатын қажетті сараптамалар тағайындалды», – дейді Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз хатшысы София Қылышбекова.
Енді екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырған Мақпалдың күйеуі неліктен әйелі ауруханаға келгенде тиісті қағаздардың бірден толтырылмағанын анықтамақ.