$ 484.11  528.79  5.03

Храпунов қай қылмыстық топты басқарған?

Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың ұлы Ілияс Храпуновқа халықаралық іздеу жарияланды. Интерполдың сайтына оны іздестіру туралы бағыттама орналастырылды, деп хабарлайды Тengrinews.kz. 

30 жастағы Ілияс Храпунов ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оны басқарды, қылмыстық қоғамдастыққа араласты, заңсыз жолмен алынған қаражат пен басқа мүлікті заңдастырды деген күдікке қалып отыр. Осыған байланысты Интерпол Храпуновтың баласы туралы ақпарат білетін адамдардың бәріне хабарласуды өтінеді. 

Бұған дейін Женева прокуратурасының Храпуновтар отбасын ақшаның ізін жасырды деген күдікпен тергей бастағаны туралы ақпарат пайда болған еді. Храпуновтардың Credit Suisse және Schroder & Co Bank AG қаржы ұйымдарындағы есепшоттары түгел тоқтатылып, құжаттамалары тәркіленген. Виктор Храпунов пен оның әйелі Лейлаға қатысты қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, алаяқтық, иемдену, талан-таражға салу жолдарымен бюджет қаражатын жымқыру, қылмыстық табыстарды заңдастыру, пара алу, ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оны басқару деректері бойынша барлығы 24 қылмыстық іс қозғалған. Бұл екеуі де Интерпол желісі бойынша іздестіріліп жатыр. Биылғы маусым айында Қазақстан Алматының экс-әкімін экстрадициялауға сұрау салды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ілияс Храпуновтың Швейцарияда тұрып жатқаны хабарланған еді. Ол БҰҰ-ның Женевадағы өкілдігінде Орталық Африка Республикасының дипломатиялық миссиясы кеңесшілерінің бірі болып шықты. 2010 жылы Ілияс Храпунов Швейцарияның ең бай тұрғындарының қатарына еніп, қымбат жобаларды инвестициялаумен айналысатын Swiss Development Group компаниясының негізін қалады. Ал, өткен жылдың сәуір айында Виктор Храпуновтың ұлы фирмасын кәсіпкер Филипп Глацқа сатты деген хабар тарады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары