Денис Теннің өліміне қатысты іс бойынша сотталушы Нұралы Қиясовтың ағасы куәлік беруден бас тартты деп жазады Tengrinews.kz.
Іс бойынша Жанар Толыбаева, Нұралы Қиясов және Арман Құдайбергенов өтіп жатыр. Қылмыс 2019 жылы 19 шілдеде болған.
Сұлтан Қиясовты осы іс бойынша куәлік етуге шақырған. Алайда ол өз інісіне қарсы келмеуді шешіп, куәлік беруден бас тартты. ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 214-бабына («Куәгер жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын әшкерелейтін қарсы айғақтар беруден бас тартуға құқылы») сәйкес куәлік беруден бас тартуға болады. 26 жастағы Сұлтан Қиясов мәнерлеп сырғанаушының өліміне күдікті Нұралы Қиясовтан екі жас үлкен.
Осыған дейін күдікті Жанар Толыбаеваның құрбысы Жайна Ізтілеуова 19 шілдеде күндіз Нұралы Қиясовтың ағасы Сұлтанның үйінде болғанын айтты. Оның айтуынша, Сұлтан інісін іздеп, Жайнадан Жанар Толыбаеваға қоңырау шалуын сұраған.
«Біз төртеуіміз уақытша Сұлтанның және оның жары Әселдің үйінде тұрдық. Мен Жанарға қоңырау шалдым, олар қалада үшеуі ақша іздеп жүргендерін айтты. Түстен кейін Жанар, Арман және Нұралы келді. Жанардың көңіл күйі болмады. Нұралының жейдесіне қан жағылғанын байқадым, алайда сұрауға батпадым. Сұлтан Нұралыға ашулы еді, көлігін тартып аламын деп қорқытты. Үйге келмейсің деп ұрысты», – дейді қыз бала.
Осы уақытта сыртта тұрған Құдайбергенов заттарын алып шығуын өтінген.
«Мен оның заттарын алып шықтым. Кешкі уақытта 23:00-де біз Қапшағайға кеттік, онда ішіп, шектік. Тек сол жерде жүргенде мен Instagram желісінен Денис Теннің өлгені туралы хабарды естідім. Мұндайда болады екен-ау деп таңқалдым. 20 шілдеде қайтып келдік, Сұлтанға заттарды алып кетейік деп келдік. Сосын Нұралының ағасы келіп, Нұралының Денис Тенді өлтіргенін айтты. Ол бізді алып кетіп, Рысқұлов пен Тілендиев қиылысында тастап кетті. Полицейлер келіп, бізді ұстады. Сосын Жанар екеуімізді жан-жаққа алып кетті», – дейді қыз бала.
Осыған дейін, Денис Тен пышақ жарақатын алған уақытта оқиға орнына бірінші болып жеткен полицейлер сотта куәлік етті.