Қазақстан 2015-2016 жылдарға арналған әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 42 орын алды.
Дүниежүзілік экономикалық форум дайындаған рейтингте жеті баллдық есептеу бойынша Қазақстанның көрсеткіші 4,4-тен 4,5-ке көтерілген.
Рейтингте биыл жетінші жыл қатарынан Швейцария бірінші орында тұр. Екінші орында Сингапур, үшінші орында АҚШ тұр. Германия бесінші орыннан төртінші орынға көтерілген. Алғашқы ондыққа Жапония, Гонконг, Финляндия, Швеция мен Ұлыбритания енген.
ТМД елдері арасында Әзербайжан 40-орында, Ресей 45-орында тұр. Өткен жылы Ресей рейтингте 53-орында болған. 140 мемлекетке талдау жасаған рейтингте Грузия 66, Украина 79, Тәжікстан 80, Армения 82, Молдова 84, Қырғызстан 102 орында тұр, деп жазады Азаттық.