22.01.2019, 06:55

«Табалдырықта жатты»: Қызылорда облысында бүтін бір отбасы жұмбақ жағдайда мерт болды

Қызылорда облысында бүтін бір отбасы жұмбақ жағдайда көз жұмды. Туысы олардың қанға бөккен мүрдесін үйінен тауып алыпты. Жантүршігерлік көріністен шошып қалған ол марқұмдардың кісі қолынан қаза тапқанына сенімді деп хабарлайды 31 арна.

Оқиға Қызылорда облысының Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылында болған.

Үйлерінің табалдырығында жатқан марқұмдарды үй иесі Қалдыбектің әпкесі Алмагүл Төлегенова көрген. Оның сөзінше, өзімен бірге жұмыс істейтін келіні Ақботаның жұмысқа келмегенінің себебін білу үшін үйіне барған.

«Үйіне жайбарақат барып, кірсем, табалдырықтың дәл алында үшеуі жатыр. Кемпір от жағып отыр. Қасында 2 жасар бала отыр», – дейді Алмагүл Төлегенова.

Ең сорақысы, үйге кіргенде марқұмдардың жанында Ақботаның жасы жетпіске жақындаған дұрыс сөйлей алмайтын анасы мен марқұмдардың 2 жасар ұлы болған. Олар дін аман екен.

Марқұмның туыстары аяқ астынан болған қазаға сене алмай отыр. Олар жұрттың жағасын ұстатқан өлімнің ақ-қарасы әділ анықталғанын қалайды. Жұрт арасында отағасы Қалдыбек жары Ақбота мен ұлын өз қолымен өлтіріп, соңында өзіне қол жұмсаған деген қауесет те пайда болған.Туыстары 40 жастағы азаматтың мұндай қатігездікке баруы мүмкін еместігін айтуда.

«Інім халық айтып жатқан жамандықты жасады деп ойламаймын. Себебі ол ақкөңіл, көрші-көлеңдердің арасында елгезек адам болатын», – дейді марқұм Қалдыбек Төлегеновтің туысы Киікбай Төлегенов.

Ал ішкі істер департаменті мен министрлік әзірге оқиғаға қатысты пікір білдірмеді.