Біздің Президент барлық уақытта да жастарға үлкен көңіл бөліп келеді және әрқашан бізге сенім артады. Ал біз сол үдеден шығуға талпынып жүрген жастармыз.
Қазақстан студенттер Альянсы – бұл студенттердің құқықтары мен қызығушылықтарын қорғайтын республикалық студенттік қозғалыс. Иә, біз студент жастардың құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және тұрмыстық мәселелерін нақты шешуге атсалысамыз. Мәселен, бұл бағытта біздің «Қалың қалай, студент?», «Қалай тұрып жатсың, студент?» деген акцияларымыз бар. Осы акциялар аясында олардың өзекті мәселелерін зерделеп, қаузап, тиісті деңгейде шешілуіне ықпал етеміз. Интеллектуалды әлеуетін дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруына жағдай жасаймыз. Сондай-ақ, студент жастар арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру тұрғысында да ауқымды жұмыстар істеп жатырмыз. Ал «Таза сессия» акциясы жоғары оқу орындарында жең ұшынан жалғасатын жемқорлықты болдырмау үшін күрес жүргізеді. Студенттер сессия кезінде болатын кейбір келеңсіздіктердің алдын алу үшін «сенім телефонына» қоңырау шала алады. Бұл тақырыпта студенттер арасында анонимді түрде сауалнама да ұйымдастырып тұрамыз.
Жоғарыда аталған акциялардың қорытындысын шығарып, мониторинг жасап, сосын тағы қай жерімізді жетілдіріп, толықтыру керектігін бағамдап, жаңа міндеттер қабылдап отырамыз.
Баршамызға белгілі, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» шеңберінде студенттердің жағдайын жақсартуға тапсырма берілген болатын. Соның ішінде жатақхана салу мәселесі де қозғалған-ды. 2022 жылға дейін елімізде 75 мың орындық жатақхана салынып бітуі тиіс. Былтыр біздің Алматының өзінде үш жатақхана пайдалануға беріліп, 1200 студентке жылы бөлмеде жатып, алаңсыз білім алуына мүмкіндік туды. Енді биыл бес жатақхана салынып бітеді деген жаңалық бар. Бұл жатақханалармен бірге, студенттердің мәдени һәм интеллектуалды жағынан дамуы үшін барлық қажетті инфрақұрылымы бар тұрғын үй алаңдары қоса салынбақ. Ал біздің алдымызда тек дұрыс білім алып, еліміздің іргесіне кірпіш болып қалану міндеті ғана тұр.
Биылғы Жастар жылы талай замандасыма мотивация беретіні, өз-өзін дамытуына дәнекер болатыны сөзсіз.