27.01.2019, 08:14

БҚО-да ауа райының бұзылуына байланысты ескерту жарияланды

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметінше, 28 қаңтар күні өңірдің кей жерлерінде бұрқасын көтеріліп, тұман түсіп, көктайғақ болады, деп жазады ҚазАқпарат.

Оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Орал қаласында да ауа райы бұзылады. Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті тұрғындар арасында төтенше оқиғаларды болдырмау мақсатында ескерту жариялады. 

Биыл облыста қар ерекше мол түсті. Мысалы, Оралда соңғы 35 жылда мұндай жағдай 1987 жылы орын алып, қардың биіктігі 55 сантиметр болған еді. Орал қаласы әкімінің баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, қаңтардың өзінде қардың қалыңдығы 60 сантиметрге жетті. 1-25 қаңтарда Оралда 33,6 мм қар түсті, бұл айлық нормадан (28 мм) әлдеқайда артық. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда боранға байланысты жолдар жабылып, жыл басынан бері қар құрсауында қалған көліктер саны 184-ке жеткен болатын.