Алматыда жоғалған қыздың денесі табылды. 19 жастағы Валерия Погребнякты туыстары тоғыз күннен бері табанынан таусылып іздеген болатын деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Бойжеткенді өлтірді деген күдікпен сөз байласып жүрген жігіті ұсталды. Ол мәйітті Алматы облысындағы Мерей ауылының кіреберіс жеріне көміп кетіпті. Сорақысы сол, жігіт содан бері түк болмағандай сүйіктісін полициямен қосылып іздеген. Алайда, артынша өзі де күдікке ілікті. Полициядағылардың айтуынша, ол қылмысын мойындап, қызды көмген жерін көрсетіп берген. Осылайша, жоғалған Валерияның денесі тоғыз күннен кейін туыстарына берілді. Әзірге белгілісі, қылмысқа ғашықтар арасындағы қызғаныш себеп болған.
«Бұл азамат негізі қылмыстың іздерін және қылмыстың болғанын жасыру мақсатында Валерияның ата-анасына да жалған ақпарат берген. Қаланың кіреберіс жерінде ойын-сауық отауының ішінде болғанбыз деп түсінік берді. Бірақ біздің із кесу жұмыстарымыздың нәтижесінде, ойын-сауық отауына кірмегені де мәлім болды», - Алматы қаласы полиция департаменті ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Полицейлер бірден жігіттен күдіктенген: ол куәлік еткенде шатасып, қызды тастап кеткен жерін нақты айта алмаған. Бір апта өткенде қызғаныштан өлтіріп, көміп кеткенін мойындаған.
«Мұндай сұмдарды жазалау керек. Іздестіру жұмысында ол мұнда, ішерін ішіп, шегіп, күліп жүрді. Ештеңе істей алмайтынын айтып жүрген. Ал шын мәнінде... нағыз сұмырайдың өзі...», - деп мәлімдеді марқұмның анасы Елена Погребняк телефон арқылы.
Ал Погребняктар отбасының көршісі Наталья Кудряшова жігітті былай сипаттайды: «Дөрекілеу еді. Махаббат. Қызғанып жүретін. Қыз өте сабырлы, жақсы, тәрбиелі еді. Үздік оқитын, мектепте мақтаулы еді», - дейді ол «Еуразия Бірінші арнасына» берген сұхбатында.