$ 514.65  544.6  5.17

Семейде көмір кезегінде көз жұмған спортшының ата-анасы тергеу жұмыстарына наразы

Семейде көмір алатын қоймадағы кезекке талас барысында қаза тапқан спортшы жігіттің өліміне қатысты сот отырысы басталды. Бірақ, мерт болған азаматтың туыстары тергеушінің жұмысына көңілдері толмайтынын айтады. Оған себеп, әуел баста Жасұлан Әбиевті өлтірді деген күдікпен 3 бірдей азамат ұсталған. Бірақ, қазадан кейін бірнеше күн өтпей сол күдіктілердің екеуі куәгерге айналып шыға келген көрінеді. Тергеу изоляторына тек біреуі қамалыпты. Біздің арнаға хабарласып көмек сұраған марқұмның жақындары бұл жерде таныс-тамырлықтың ізі бар екеніне сенімді деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

«Әкеміз қайда дейді? Әкеміз қайда деп әлден сұрап жатыр. Жазда келеді деп қоямыз. «Апа, әкеміз жапырақ шыққанда жазда келеді», – деп айтады», – дейді марқұмның анасы.

Гүлнәр Әбиеваның ұлынан ел аман, жұрт тынышта айырылып, қара жамылғанына 3 ай болды. Немерелері «әкеміз қайда?» деп сұраған сайын ана жүрегі қарс айырылады. Ол кісінің айтуынша, қылмыстың астарында тек көмірге талас жатқан жоқ.

«Бірдеңе бар сияқты. Жай көмір үшін, кезек үшін адам өлтірмейді. Әйтпесе жарайды келіспей қалды кезекке, келіспесе де бірдеңе бары анық. Темірмен ұрып өлтіргені анық. Өйткені Алматыдан сараптамадан конверт алдық. Ашып адвокатқа бердік. Осы екінші сотта көрсетеміз. Егер келмесе комиссия шақыртып, қайта қаздырып тексертеміз», – деп егіледі марқұмның анасы Гүлнәр Әбиева.

Марқұмның әкесі Амантай Әбиевті қылмыс болған күні тергеуші 3 күдікті де қамауға алынды деп сендірген. Жерлеу рәсімін өткізіп, ес жиған соң мән-жайды білейін десе уақытша тергеу изоляторында тек бір ғана азамат отырғанын білген. Оның өзін тергеушілер қорғаштап отыр, дейді ол.

«Монтаждайтын екі құрал сол жерде қалған. Сол төбелес болған жерде қалған. Енді екеуі де тергеушінің кабинетінде тұр. Тергеуші олардың КамАЗ жүргізушілерінен түсіп қалғанын айтады. Қалай түсіп қалады? Қолында ізі жоқ десек, қолғаппен соққан дейді. Тергеушінің өзі адвокат болып отыр», – дейді марқұмның әкесі Амантай Әбиев.

Семейде өтіп жатқан сот отырысының тыңдалымына қолына кісен салынып әкелген күдікті өлімнің абайсызда болғанын айтып, өз кінәсін толық мойындамайтынын алға тартты.

Ал күні кеше куәгер атанған тағы бір азамат төбелесті бірінші болып бастаса да оқиғаның желісін ұмытып қалыпты.

Мен ол сәтті көрмедім. Есімде жоқ», –  дейді күдікті.

Қылмыстық іс бойынша сот отырысының басталғаны кеше ғана. Спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанған атпалдай азаматты тек бір адам жұдырықпен өлтіре алмайды. Яғни, куәгерлерді дұрыстап тергеу керек дейді марқұмның туыстары. Ал адвокат әліптің артын бағу керек деген пікірде.

«Жинақталған дәлелдерге қарап іс 106-бап 3-тармақ (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру, абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан не қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер) бойынша қаралып жатыр. Процесс енді басталды. Сот отырысында басқа да қылмыстар ашылып жататын болса біз істі қосымша тергеуге жіберуді сұрайтын боламыз. Әзірше ашып айта алатыным осы», – дейді адвокат Дамир Құрманов.

Төбелес, ұзын сонар кезек Қаражыра көмір қоймасы үшін таңсық дүние емес. Жыл сайын мезгіліне қарай мұнда осындай кикілжіңдер жиі болып тұрады. Міне, соның кесірінен тұтас бір отбасы асыраушысынан айырылып отыр. Беті ашылмаған деректердің көптігіне байланысты сот процесі әлі біраз уақытқа дейін созылатын сыңайлы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары