05.10.2015, 12:25

Елімізде Ресейдің қанша әскери базалары бар?

http://www.qazaquni.kz/

Еліміздегі 7 бірдей әскери нысанды арнайы келісімшарт негізінде Ресей Федерациясына жалға бердік. Бүгінде 11 млн. гектар аумақты алып жатқан сол жеті база Ресей Қорғаныс Министрлігінің иелігінде, деп жазады qazaquni.kz.

Олардың біріншісі Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің №5-ші мемлекеттік сынақ полигоны. Яғни, Қызылорда облысы аумағында орналасқан, ұшу трассасы Арал теңізінен Камчатка түбегіне дейін созылып жатқан Байқоңыр ғарыш айлағы. 2004 жылы жалға беру мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды.

Екінші нысан РФ Қорғаныс министрлігінің В.Чкалов атындағы мемлекеттік №929-шы ұшу-сынақ орталығы. Бұл орталықтың штабы Астрахан облысының Ахтубинск қаласында орналасқан.

Үшінші, РФ Қорғаныс министрлігінің №4-ші мемлекеттік әртүрлі сынақ полигоны. 1949 жылы құрылған бұл полигон аумағы Атырау және Батыс Қазақстан  облыстарының батыс аймақтары (Нарын құмы) мен Ресей Федерациясының  Астрахан, Волгоград облысының шығыс бөліктерін қамтиды.

Төртіншісі, РФ Қорғаныс министрлігінің №10-шы мемлекеттік әртүрлі сынақ полигоны. Яғни, біздің тілмен айтсақ, Сары-Шаған сынақ алаңы.Бұл сынақ алаңында негізінен әуе күштеріне қарсы сынақтар жүргізіледі.

Бесіншісі, №5580-ші сынақ жұмыстарын қамтамассыз ету базасы. (РФ Қорғаныс министрлігінің бұрынғы №11 Ембі мемлекеттік сынақ полигоны). Бұл сынақ алаңы Ақтөбе облысы аумағында орналасқан.

Алтыншысы, Ресейдің Әуе күштерінің Ғарыш әскеріне қарасты №3-ші зымыран-ғарыш қорғанысы армиясының радиотехникалық желісі. Бұл нысан Балқаш көлінің бойындағы Приозерск қаласында орын тепкен.

Жетіншісі, Қостанай қаласындағы Ресей Әуе қорғаныс күштері транспорттық авиациясының жеке полкі.

Сонымен, Ресейдің әскери базалары Қызылорда, Батыс Қазақстан, Атырау, Орталық Қазақстан, Жамбыл, Ақтөбе, Қостанай секілді еліміздің ірі 8 облысы аумағында бар.