$ 498.34  519.72  4.85

Батыс Қазақстанда ұн қымбаттады

Батыс Қазақстан облысында ұн бағасы өсті деп жазады ҚазАқпарат.

Орал қаласындағы орталық базарда қазіргі кезде 50 келілік жоғары сұрыпты ұнның орташа бағасы 6 мың теңге тұрады. Сатушылардың сөзіне қарағанда, бұдан бір-екі апта бұрын жоғары сұрыпты бір қап ұнның құны 5500 теңге шамасында болған. Сол секілді бірінші сұрыпты ұнның бағасы 4800-ден 5350 теңгеге көтерілді.

 «Бізге ұн Желаев астық өнімдері комбинатынан келеді. Мұнда сатушылар әрі кеткенде 150 теңгедей көтеріп сататын болар», - дейді олар.

«Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ менеджері Эдуард Мамышев күні бүгін жоғары сұрыпты ұнның әр келісі 115 (бір қап ұн - 5750 теңге), бірінші сұрыпты ұн 105 теңге (5250 теңге) тұратынын жеткізді. Қаладағы дүкен сөрелерінде нан бағасы әзірге өсе қойған жоқ. Мысалы, бір бөлке ақ нан бұрынғыша 100 теңгеден сатылып жатыр. Дегенмен, астық бағасының қымбаттағанын облыс орталығынан шалғайда орналасқан Бөкей ордасы ауданының жұртшылығы да сезінуде.

Аудан орталығы Сайқын ауылында нан бұрын 110 теңге болса, кей дүкендерде 130-150 теңгеге бір-ақ шықты. «Нұр» дүкенінде ғана бөлке - 100, қара бидай наны - 80 теңгеден. Аудан орталығында екі наубайхана бар. Соның бірінің қожайыны Гүлнәр Әлмұратованың сөзіне қарағанда, олар астық бағасының өсуіне байланысты нан бағасын көтерген. Бірақ табысты еселеу емес, нәпақасын айыру үшін лажсыздан қымбаттатқан. Орал қаласындағы элеваторлардан келетін елу келілік бір қап ұн мұнда 5900 теңгеден 6400-ге жеткен.

«Біз тек бірінші сұрыпты ұн бағасын бақылап отырамыз, ал басқа сұрыптар нарық бағасы бойынша сатылады. Бүгінде 1-сұрыпты ұнның 50 келілік қапшығының бағасы өндірушілерде келісіне 90-100 теңге аралығында болып, өзгеріссіз қалды. 30 қаңтардағы жағдай бойынша облыстың ірі ұн тартатын кәсіпорындарында 50,4 мың тонна азық-түліктік бидай бар. Өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жаңа өнім алынғанға дейін ірі ұн тартатын кәсіпорындар 34 мың тонна астық сатып алды. Оған қосымша тағы да 33 мың тонна астық сатып алу жоспарлануда», - деп хабарлады осы мәселе бойынша БҚО ауыл шаруашылығы басқармасынан.   

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары