Батыс Қазақстан облысында боранға байланысты тағы да жолдар жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметі бойынша облыстық маңызы бар Ақсай-Федоров және Ақсай-Жымпиты жолдарында қатты бұрқасын соғып, желдің жылдамдығы секундына 14 метрге дейін жеткен.
«Сондықтан бүгін түнде сағат 00.30-дан бастап осы жолдарда барлық көлік түрлері үшін қозғалысқа шектеу қойылды. Тұрғындарға хабарламалар жіберіліп, ескертілуде. Қазіргі кезде өңірде үш жол жабық. Кеше Шыңғырлау-Лубен-Сегізсай жолы жабылған болатын», деп хабарлады БҚО ТЖ департаментінен.
Еске сала кетейік, кеше Батыс Қазақстан облысында боранға байланысты жолдың жабылғанын жазған болатынбыз.