Атырауда ер адам төрт баласын мектепке екі жыл бойы апармаған. Осыған байланысты Атырау облысының кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған төрт баланың әкесіне қатысты іс қаралды деп жазады «Мой ГОРОД».
Сот анықтамасы бойынша, 2005, 2007, 2008, 2009 жылы туған төрт бала 2017-2018 оқу жылында мектепке бармаған. Балалардың әкесі әкімшілік жауапқа тартылды.
«Сот отырысында кәмелетке толмағандардың 35 жастағы әкесі кінәсін мойындамады. Оның айтуынша, мұғалімдер мектеп формасын сақтамағаны үшін оқушыларға білім ордасына келуге тыйым салған екен. Сол себептен балалары сабақты қашықтан оқыған», - дейді соттың баспасөз қызметіндегілер.
Ер адам ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабының 1-бөлігінің «Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу мен оқыту жөнiндегi мiндеттердi орындамауына» байланысты кінәлі деп танылды. Оған 11 785 теңге әкімшілік айыппұл салынды.
Алайда, сот шешімі әлі заң күшіне енген жоқ.