Астанада өрттен қайтыс болған 5 сәбидің өлімінен кейін көпбалалы аналар Астана концерт залына келіп, өз талаптарын қойды.
Азаттық тілшісі оқиға орнынан тікелей эфирге шықты.
Алғашында өз талабын айта бастаған 4 балалы ана сөз сөйлеп тұрғанда әлдекім микрофонды өшіріп тастады. Кейін ата-аналар шу шығарып, қайта қостырып алды.
«Барлығы ескі үйде тұрса да аз ақша төлеп отырған жоқ. Бәрі де пәтер жалдап отыр. Басты талап - баспана», - деді көпбалалы аналардың бірі.
Тұрғындар проблемаларын сондай-ақ ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа жазбаша жазып әкеліп, оны арнайы оқып берді.
«Елбасы мырза, «Ана мен бала мемлекеттік қорғауда болады» деген сөзіңіз бар. Тәуелсіздігіміздің 27 жылдығы болды. Бірінші жөргекпұл ретінде әр балаға 1000 АЕК көлемінде жәрдемақы берілсін.
Әрбір 18 жасқа дейінгі балаға ай сайын 29 мың теңге төленсін.
Әр баланың анасына жалақы ретінде 49 мың теңге төленсін.
3 балалы және одан да көп отбасына, мүмкіндігі шектеулі адамдары бар отбасына баспана берілсін.
Бала 14 жасқа келгенше ана мен бала тегін емделсін.
Кәмелетке толмаған балардың ата-аналары түнгі жұмысқа шақырылмасын.
Көпбалалы отбасылар жоғарғы оқу орнына тегін оқытылсын.
Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова отставкаға кетсін.
Осы талаптарды 7 күн ішінде орындалмаса, үкіметтің отставкаға кетуін талап етеміз», - деді олар.
Тұрғындардың арыз-талабын тыңдаған Астана қаласы әкмінің орынбасары Ермек Аманшаев ата-аналарға «айтып болсаңыздар қайтыңыздар. Проблемаларыңыз қаралады» деп кетіп қалды.
Еске сала кетсек, 4 ақпанда Астанадағы аудандардың бірінде кенеттен шыққан өрттен 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылғы 5 қыз бала қаза тапты. Оқиға болған сәтте олардың ата-аналары үйде болмаған.