$ 444.32  473.33  4.76

«Жылауға да болмайды»: Қытай лагерьінде болған қазақ әйел көрген қорлықтарын айтты

Youtube желісінде «Атажұрт еріктілерінің» кезекті видеосы жарияланды. «Тыйым салынған мемлекетке бардың» деген айыппен бір жыл жеті ай Қытай саяси үйрену орталығында болған Гүлзира Әуелханқызы көрген қорлығы туралы баяндады деп жазады «Замана» басылымы.

Гүлзира Әуелханқызының күйеуі мен баласы Қазақстан азаматтығын алған. Алайда Қытай елінде қалып қойған Құндыз және Жадыра атты қыздарын алып қайтуға барған келіншек, екі жыл Қазақстанға қайта алмай қалған.    

Гүлзира Әуелханқызы Қытайдың қазақтар­ға, қырғыздарға, ұйғырларға, тәжіктерге, өзбектерге жасап жатқан сұмдық қиянатының тірі куәгері.

«Мен саяси үйрену лагеріне 2017 жылдың шілде айында түстім. Құлжа ауданындағы №4 орта мектепке болдық. Бұл оқушылар тарап кеткен уақытта босаған мектеп екен. Сен қауіпті мемлекетке барып келдің, Қазақстанда теледидар көрдің, ақпарат естідің, капиталистік-буржуазиялық идея­мен, ислам дінімен миың уланған деген айып тағып, лагерьге қамады.

Оны «саяси үйрену мектебі» деп атағанымен ол кәдімгі түрме. Үйрену мектебі А, В, С, Д деп бірнеше санатқа бөлінеді. Біздікі «еркін сынып» деп аталды. Бұл – ең жеңіл санаты. Соның өзінде көрген қорлығымыз аз емес», - дейді Гүлзира.

Оның сөзінше, залда форма киген, қолдарына ағаш тоқпақ ұстаған қыздар тұрса, сыныптың ішінде оларды екі сақшы бақылап тұрады екен. Әр адамға дәретханаға екі минуттан артық отыруға рұқсат етілмейді. Уақыттан асып кетсе, соққыға жығылады екен.

«Денеге таяқтың ізі түспес үшін тек басымыздан ғана ұрады. Арасында «тоқ таяқпен» де тыз еткізеді. Әр сыныпта 50 адамнан отырамыз. Дәретханаға кіруге жарты сағат қана уақыт бөлінеді. Елу адам әрқайсысы екі минуттан кірген кезде кейде үлгереміз, кейде үлгермейміз.

Содан дәретіміз бойымызға тарап, қол-аяғымыз ісіп кетеді. Кейде үлгермей, таңертең сағат 7-ден кешкі сағат 10-ға дейін дәретсіз отыратын кездеріміз де болады. Жатақханаға кіргеннен кейін, ұлы сөзде ұяттық жоқ, шелекке дәрет сындырамыз. Бір жатақханада 18 ұйғырмен жаттым, таңертең шелекті кезекпен төктік», - дейді Гүлзира Әуелханқызы.

Әйел адам қазір сол қиындықтардың салдарын тартып жүр. Басы, екі бүйрегі ауырады, бет-аузы ісіп кететін көрінеді.

Орталықта оған «өтірік ауру» деген айып тағылып, дәрігерлер мүлде көмек көрсетпепті.

Гүлзира Әуелханқызының сөзінше, онда кіргеннен кейін «тұмаудың алдын алады» деп білектен екпе еккен. Шын мәнісінде оның қандай дәрі екенін ешкім білмейді. Үш күннен кейін адамдардың басы мен жүрегі айниды екен.

Гүлзираның айтуынша, бір сынып екінші сыныпты көрмейді, жан-жақтың бәрі темір тор. Түнделетіп бірін әкеледі, бірін әкетеді. Олардың қайдан келіп жатқанын ешкім білмейді екен.

«Жоғарыдан тексерушілер келетін кезде: «Күліп отырыңдар, ән айтыңдар!» – деп мәжбүрлейді. Өтірік болса да ыржиып отыруға тырысамыз. Тексеріп келгендер: «Көңіл-күйлерің, жағдайларың жақсы екен. Жақсы оқыңдар», - деп кетеді», - дейді Гүлзира.

Сонымен қатар бұл мектептерде тексерушілер келгенде қытай тілін білетіндерді алдыға тұрғызып, оларға "Партияға, үкіметке рақмет! Үйренуіміз жақсы, бәрі керемет» деген сынды пікірлерді айтқызады екен.

«Жылауға да болмайды. Жыласақ, қара орындыққа кісендеп, 24 сағат отырғызып қояды. Ол кезде дәретімізді астымыз­ға жіберген күндеріміз де болды»,– деп Гүлзира Әуелханқызы көрген қорлығымен бөлісті.

Дереккөз: NUR.KZ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#қытай #лагерь