Біздің қоғамда төсек қатынасы туралы әлі де жасырын айтылады. Жыныстық сауаттылығы болмағандықтан бір-бірінен ұялған ерлі-зайыптылардың арасы суып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан кез келген адамның бұл мәселеге келгенде белгілі бір түсінігі болуы қажет. Осыған байланысты "Жабық тақырып" жобасында төсектен ләззат алу, яғни оргазм тақырыбы талқыланған деп жазады NUR.KZ.
Жоба жүргізуші Әсел Ергешқызы бағдарламаға сексолог, уролог пен психологты шақырған. Осылайша, төсек айналасында отырған мамандар төсек ләззаты туралы ашық ой бөлісіпті.
Бағдарламаға келген сексолог маман Мәншүк Тұрсынбайқызы төсек ләззаты әйелдерге ер азаматтарға қарағанда өзгеше болатынын жеткізді.
«Қазір әлем бойынша 25 пайыз әйел ғана оргазм ала алады. Ал 50 пайызы ешқашан алып көрмеген. Әйелдер оргазм алу міндетті емес деп ойлайды. Көбі, тіпті, қандай екенін сезініп көрген емес. Негізі, әр әйел оргазм алуға міндетті. Ол денсаулығына, психологиясына, жүйке жүйесіне көмектеседі. Ер адам әр төсек қатынасы сайын оргазм ала алады. Ал әйелдер ер адамдарынан оны талап етпейді. Ең басты себеп-ұялады», -деді маман.
Бұл пікірді қолдаған психолог Динара Болат жұбайлардың бір-бірімен ашық сөйлесуі қажет екенін алға тартты.
«Әйел ұялмай, өзінің не қалайтынын ер азаматына айту керек. Өйткені, өзінің осал жерін, жанды тұсын әйел ғана біледі. Ер адам біле бермейді. Сондықтан ашық әңгіме құру керек», -деді Динара Болат.
Ал уролог Ернұр Исабекұлы денсаулықтағы ақауларға байланысты ер азаматтардың да ләззат ала алмайтын сәттері болатынын түсіндірді.