АҚШ президенті Дональд Трамп шекарадағы қауіпсіздік туралы заңға қол қояды. Ол сонымен бірге Мексикамен шекарадағы дуал құрылысына ақша бөлгізу үшін елде төтенше жағдай жариялайды. Бұл туралы республикашыл сенатор Митч Макконнелл мәлімдеді деп жазады Азаттық.
«Қазір ғана Трамппен сөйлестім, ол заң жобасына қол қоюға дайын екенін хабарлады» деді Макконнелл сенат отырысында.
«Ол (Трамп) сонымен бірге елде төтенше жағдай жариялау жөнінде жарлыққа қол қояды және жарлықты қолдайтынымды жеткіздім» деді Макконнелл.
Бұған дейін АҚШ конгресіндегі демократтар мен республикашылдар елдің оңтүстік шекарасындағы қауіпсіздік мәселесіне байланысты алдын ала келісімге келген еді.
Келісім жобасында АҚШ пен Мексика арасындағы шекарада заңсыз мигранттарға қарсы бөгет орнату үшін 1,375 миллиар доллар бөлу қарастырылған. Ал Трамп шекарада дуал құрылысын салуға 5,7 миллиард доллар сұраған еді. Бұл заң жобасын конгресс 15 ақпанда мақұлдауы тиіс.