$ 446.49  475.38  4.79

Шымкентте көпбалалы аналар қоғамдық көлікте тегін жүреді

Шымкентте көп балалы аналар орталығы ашылады. Алтын алқа және Күміс алқа иегерлері 1 наурыздан бастап қоғамдық көлікте тегін жүреді деп жазады BAQ.KZ.

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 2018 жылы атқарылған жұмыстары бойынша есеп беру кездесуінде көп балалы аналарға жасалатын жағдайлар туралы айтып берді. 

«Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес қазір әлеуметтік салаға үлкен көңіл бөлінуде.  Оның ішінде, көп балалы аналардың мәселесі бізді қатты алаңдатады. Жалпы, еліміздегі көпбалалы аналардың басым бөлігі оңтүстік өңірінде.  Әрбір көп балалы ана – ол батыр ана. Өйткені елімізді ертеңгі болашағы – қазіргі балалар. Сондықтан барлық көпбалалы аналарға өзімнің алғысымды айтамын», - деді Ғ. Әбдірахымов. 

Шымкентте 31 мың көпбалалы ана бар. Оның ішінде 2 220 – «Алтын алқа» иелері,  6 056 – «Күміс алқа», 511 – «Батыр ана»,  және 796 – «1-ші және 2-ші дәрежелі орденмен наградталған көп балалы аналар. 

Әкімнің айтуынша, өкінішке орай, қаладағы 3 200 көп балалы ананың тұрмысы нашар, яғни табыстары күн көріс деңгейінен төмен екен. 

«Осыған байланысты, біз келесі жобаларды жүзеге асырамыз: Бірінші – көп балалы аналар орталығын ашамыз. Екінші – Алтын және Күміс алқа иелері, ай сайын алатын жәрдемақыға көлікте жүру жолақысы есептелген болса да, осы жылдың 1-наурызынан бастап қоғамдық көлікте  (автобустарда) тегін жүретін болады. Үшінші – табыстары күн көріс деңгейінен төмен көп балалы отбасыларға жылына бір рет берілетін әлеуметтік көмек деңгейін 25 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін көбейтетін боламыз»,  -  деді Ғабидолла Әбдірахымов.

Сондай-ақ, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов бүгін уақыт тығыздығына байланысты көп балалы аналарды ертең, 16 ақпан күні сағат 11:00-де әкімдік ғимаратының 2 қабатындағы Үлкен мәжіліс залында кездесу өткізіп, сұрақ-ұсыныстарын тыңдайтынын айтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары