Күні кеше ғана Астана қаласының әкімдігі көпбалалы аналарға жиын өткізуден бас тартып, оларды жеке-жеке қабылдайтындарын мәлімдеген. Бірақ бұған келіспеген олар Астана концерт залына жиналып, қала әкімін ашық сұхбатқа шақырды. Оқиға орнынан Азаттық радиосы тікелей эфирге шықты.
Алдымен халықты қабылдаудан бас тартқан әкімдік, 1 сағаттан аса уақыттан кейін жиналғандарды акт залға кіргізіп, тыныштық сақтауларын сұрады. Астана қаласының әкім Бақыт Сұлтанов бұл жолы сахнаға өзі шығып, сөз сөйледі.
«Сұрақтарыңызды қарау үшін арнайы ашық есік жарияладық. Бірақ былай шулап, жиналып, қатты айтқандарыңыз дұрыс емес. Сондықтан әр мәселе шешіліп, әр отбасының жағдайы қаралады. Уәде беріп отырмын. Тиісті бағдарламалар, шаралар барлық облыстарда әзірленіп жатыр», - деді Сұлтанов.
Алайда әкімнен нақты жауап ала алмаған көпбалалы аналар, мәселеміз шешілмейінше кетпейміз деп акт залдан шықпайтындарын мәлімдеді. Жиы әлі жалғасып жатыр.
Еске сала кетейік, 4 ақпанда Астанадағы аудандардың бірінде кенеттен шыққан өрттен 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылғы 5 қыз бала қаза тапты. Оқиға болған сәтте олардың ата-аналары үйде болмаған.
Осы оқиғадан кейін жер-жерде көпбалалы аналар бас көтеріп, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан баспана мен әлеуметтік жағдайларын көтеруді талап ете бастады.