Біз бүгін жалғыз Оразалыны ғана еске алып отырған жоқпыз, бұл Алтай мен Атыраудың арасындағы осы қазақты «қазақ» етіп қалдырған ауыз әдебиетіне көрсетілген үлкен құрмет деп есептеймін деп жазады BAQ.KZ.
Бұл туралы ақын, қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин Алматыда Оразалы Досбосынов атындағы айтыс орталығының ашылуы кезінде айтты.
Оразалин жиын барысында қазақ Тәуелсіздік алғалы өз құндылықтарын қайта іздегенін және рухани толысуына айтыс өнері үлкен үлес қосқанын айтып өтті.
«ХХ-ғасыр қазақты «қазақ» дейтін ұлттан алыстатып жіберді. «Қазақ» деген ұлттан алыстатқан 40-50-60-шы жылдарды көрдік. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары ел Тәуелсіздікке жеткелі қайтадан «қазақты» іздеу, жақындау деген қазыналы кең байлығымыз қанатын қайта жайды. Сол қазыналы байлықтарымыздың бірі айтыс өнері елдің жүрегіне жол тартты. Жүрсіннің жүйріктерінің бірі Оразалының бүгін өзі дәріс алған оқу ордасынан орталығының ашылып отырғаны қуанышты жағдай», – деді ол.
Сондай-ақ жиын барысында сөз сөйлеген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Тахир Балықбаев Жастар жылында үлкен істер атқарылып жатқанын, соның бірі жас айтыскер ақындар орталығының ашылуы екенін айтып өтті.
«Бүгін ашылып отырған орталық Оразалының талантына берген бағамыз және оны қазіргі жастарға үлгі ету. Сондай-ақ елімізде дамып жатқан айтыс өнеріне университет жастарының қосқан бір үлесі болса екен дейміз», – деді университет ректоры.
Университет қабырғасынан ақын Оразалы Досбосынов атындағы ақындар орталығының ашылуына айтыскер ақындар және Оразалының ұстаздары мен бірге оқыған достары келді.
Орталықтың ашылуына Оразалының қызы Нұрайша да келіп, мұндай орталықтың ашылғанына қуанышты екенін және қазақтың айтыс өнері дами берсін деген тілегін білдірді.