$ 494.87  520.65  4.91

Ресейлік кәсіпкерлер қамаудағы Kaspi.kz инвесторын үйқамаққа ауыстыруды сұрады

Бес ірі бизнес-ассоциация Ресей тергеу комитетінің басшысы Александр Бастыркинге Baring Vostok инвестициялық қорының негізін қалаушы қамауда отырған Майкл Калвиді үйқамаққа ауыстыруды сұрап xат жазған. Бұл туралы Ресейдегі Америка сауда палатасының басшысы Алексис Родзянкоға сілтеме жасап, РБК xабарлады.

Майкл Калви
Майкл Калви

Родзянконың сөзінше, xатқа қол қойғандар тергеу комитетінің басшысынан күдікке ілінген кәсіпкерді кепілмен босатуды сұраған.

Өтінішке Франция-Ресей сауда палатасының, Еуропа бизнес қауымдастығының және Ресей-Германия сыртқы сауда палатасының өкілдері қол қойған. Калвиді босатуды Ресей өндіушілер мен кәсіпкерлер одағы да сұраған.

Бұған дейін «Яндекс» басшысы Аркадий Волож, Сбербанк басшысы Герман Греф пен «Тинькофф» банкінің негізін қалаушы Олег Тиньков қамаудағы Майкл Калвиді қолдайтынын білдірген. Ал Ресей есеп палатасының басшысы Алексей Кудрин америкалық кәсіпкердің бұлтартпау шарасын жұмсартуға шақырған.

Бизнес-омбудсмен Борис Титов Baring Vostok басшысының сотталуын «заңсыздық» деп бағалап, істі «корпоративтік дау» деп атаған.

Майкл Калвидің қамалғаны 15 ақпанда белгілі болды. Тергеушілер кәсіпкерді "Восточный" банкінен 2,5 миллиард рубль ұрлау үшін алаяқтық схема құрды деп айыптады. Іс осы банктің директорлар кеңесінің мүшесі Шерзод Юсуповтың арызы бойынша қозғалған. Калви 13 сәуірге дейін уақытша қамау изоляторына жіберілді.

«Бэринг Восток» – Ресейдегі ең ескі әрі ең ірі тікелей инвестиция қоры. 25 жыл бұрын құрылғалы бері ол 3,7 миллиард доллардан астам капитал жинап, бірнеше елдегі 80-ге жуық жобаға, соның ішінде Қазақстандағы Kaspi.kz-ке инвестиция салған. 2018 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша, «Бэринг Восток» қоры Қазақстандағы Kaspi Bank-тің 39,5 пайыз акциясына иелік етеді.

Дереккөз: Азаттық

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары