14.10.2015, 06:03

Таразда Құран кітабы бейнеленген мешіт ашылды

http://zhambylnews.kz/

Тарих сахнасында елеулі орын алар ұлық мереке - Қазақ хандығының 550 жылдығына орай көненің көзі болған Тараз шаһарында дін мен дәстүрдің озық үлгісі болған, сәулеті келісті мешіт тұрғызылды. Мерекеге арнайы соғылған ғибадат үйі 3 ай ішінде бой көтерген деп хабарлайды «Һибаулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі. 

Аталмыш мешітті ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мен Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев ашты. Дүбірлі тойға ат артып келген дінбасы Алла үйіне Құран кітабын сыйға тартты. ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі Данияр қажы Жұмабаев құран бағыштап, облыс әкімі жамағатқа құттықтауын жеткізді. Күндердің сұлтаны жұма күні өз есігін айқара ашқан мұсылмандық ордасында екі ракат нәпіл намазы оқылып, кейін уағыз айтылды. Сондай-ақ, азан шақырылып, жұма намазы оқылды.

Бұл Төле би даңғылыда орналасқан мұнарасы көк тіреген мешіттің имамы болып «Хазірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Ғазиз Ахметов тағайындалды. Ғимарат әйелдер намазханасымен, дәретханамен қамтамасыз етілген. Оның бас қақпасы қасиетті Құран кітабін бейнелейді. Ал, онда Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уахи етілген аяттар жазылған. Құрылыс қабырғасында қазақтың ұлттық нақышы – ою-өрнектер салынған. Мешіт сыйымдылығы – 1000 адам.

Ашылу салтанатына сонымен қатар Наиб мүфти, «Хазірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ораз Серікбай, ҚМДБ-ның уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров, Алматы қаласының бас имамы Нұрбек Есмағанбет, ҚМДБ-ның іс басқарушысы Ербосын Орын және қала имамдары да қатысты. Мешіт құрылысына Нұрлан Лесбекұлы Алжанқұлов демеушілік етті. Бұл мешітке «Кеңескен қажы Ахаев» аты берілді.