$ 494.87  520.65  4.91

Қостанайда нан қымбаттады

Қостанай облысында нан бағасы күрт қымбаттады деп жазады ҚазАқпарат.

Негізі, Қостанай облысында нан бағасы 2016 жылдан бері тұрақты болған-тын. Соңғы үш жыл бойы дүкен сөрелерінде 60-65 теңгеден сатылып келді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, 2018 жылдың қараша айынан бастап өңірдің наубайханалары ұн бағасының өсуіне байланысты нанның құнын көтеру жөнінде әкімдікке бірнеше рет хат жолдаған. Өйткені, өнімнің өзіндік құны бөлшек саудадағы бағадан анағұрлым жоғары. Яғни, шыққан шығынды ақтамайды. Оның үстіне, бұл, кәсіпорынды техникалық және технологиялық жарақтандыруға, жұмысшылардың жалақысын өсіруге едәуір кедергі.

Баға саясаты өндіріс орындарының экономикалық көрсеткіштеріне де кері әсерін тигізетінін жоққа шығаруға болмайды. Енді наубайханаларда бір бөлкенің құны 70-73 теңге тұрса, дүкендер 75-80 теңгеден сатпақ.

«Баға бір ай бұрын өзгере бастады. Өндірушілердің базынасы орынды. Ұнның бағасы өткен үш ай ішінде 40 пайызға дейін өсті. Бізде бірінші сұрыпты әлеуметтік нан 71 теңгеге сатылады. Бұған дүкендердің қосатын бағасын есептеңіз, сонда 75-80 теңгеге аласыз деген сөз», - дейді «Қостанай нан зауыты» ЖШС директоры Василий Игнатенко.

Зауыт басшылығының сөзіне дүкеншілер де қосылды. Мәселен, облыс орталығындағы «Шынар» әлеуметтік тауарлар дүкенінде бір бөлкенің құны - 80-85 теңге.

«Бағаның өсуі тікелей ұн бағасының өзгеруіне байланысты. Екінші сұрыпты «Турецкое» нанын 75 теңгеден, ал жоғарғы сұрыпты «Қостанай» нанын 85 теңгеден сатамыз», - деп түсіндірді аталған дүкеннің сатушысы Инара Жақсыбаева.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Қостанай #нан